Бүгінде мұндағы агроөнеркәсіп кешені аудан экономикасының негізгі бөлігі саналып, облыс экономикасының 4%-ын құрайды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың сөзінше, Үлкен Нарын ауданында өсімдік шаруашылығының үлесі 66%-ды, мал шаруашылығының үлесі 34%-ды құрайды.
– Ауданда 19 мың бас ірі қара, 26,9 мың бас қой мен ешкі, 11,5 мың бас жылқы бар. 10 айда ауданның барлық шаруашылық санатында 3 мың тоннадан астам ет өндірілді. Оның ішінде ауыл шаруашылығы құрылымдары 592,5 тонна өндірді, – деді өңір басшысы.
Қазір Малонарымка ауылында 70 млн теңгеге 200 басқа арналған бордақылау алаңы салынып жатыр. Жоба келесі жылдың 2 тоқсанында іске қосылмақ.
Сондай-ақ Солтүстік Қазақстан тәжірибесін тарату аясында облыста 18,8 млрд теңгеге 9 жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде Солоновка ауылында 600 басқа арналған сүт-тауар фермасын жаңғырту және кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Нысан келесі жылы пайданауға беріледі.
– «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша былтыр аудан кәсіпкерлеріне 225,2 млн теңгеге 19 несие берілді. Жыл басынан бері тағы 12 жобаға 144,7 млн теңге несие берілді. Осы ретте Үлкен Нарын ауданы әкіміне Ауыл шаруашылығы басқармасымен бірлесіп, агроөнеркәсіп кешенінің инвестициялық жобаларының уақтылы іске асырылуын бақылауға алып, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бойынша жаңа жобаларға ұсыныстар енгізуді тапсырамын, – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Қымбат МУХАМАДИЕВА
Пікірлер