A+ A A-

talgatzhan 60 17-10-2024, 14:37 0

Өскеменде Ұлттық ғылым академиясының филиалы ашылды

Бүгін / Өскемен

Бүгін С.Аманжолов атындағы ШҚУ-да Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясы Президиумының көшпелі отырысы өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 

Жиында аймақтағы ғылымды дамытудың өзекті мәселелері, оның әлеуметтік-экономикалық дамудағы рөлі талқыланды. Отырысқа ШҚО, Абай облысы әкімінің орынбасарлары, ҚР Парламент мәжілісінің депутаттары, ғалымдар мен өңірдегі ірі кәсіпорын өкілдері қатысты. 
Жиналғандар аймақтарды дамытудағы ғылымның рөлі, тау-кен металлургия саласындағы инновациялық технологиялар, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мен ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерциализациялау туралы ойларын ортаға салды. 
- Қазақстандағы ғылымның тиімділігін арттыру үшін қазіргі олқылықтарды шешу керек. Соның бірі - өңірдегі ғылымды дамыту. Анықталғандай, аталған салаға бөлінетін қаржының 75 %-ы Астана мен Алматы қалаларына тиесілі. Ал аймақтарға тек 25%-ы бөлінеді. Әрине, мұндай қарқынмен біз алға жылжи алмаймыз. Сондықтан бұған ерекше көңіл бөлу керек. Сондай-ақ жергілікті әкімдер де өз үлесін қосқан жөн. Болашақта әкімдердің рейтингісіне ғылым, білім көрсеткіштерін де енгізетін боламыз. Президент тапсырмасы бойынша әр әкімдіктің жанында ғылым және технология кеңесі ашылып жатыр. Ол шынайы әрі тиімді жұмыс істеуі қажет, - деді ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының Басқарма Президенті Ақылбек Күрішбаев.

Шара аясында Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-да ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының филиалы, ал С.Аманжолов атындағы ШҚУ-да академияның өңірлік форсайт орталығы ашылды. 
- Бүгін университетімізде ашылып жатқан форсайт орталығының ашылу құрметіне орай жас ғалымдар өздерінің ғылыми жаңалықтарын көпшілікке ұсынуда. Оның ішінде IT технологиялар, материалтану, инклюзивті білім беру мен биотехнология бағыттары бар. Форсайт орталық ғылым мен өндірістің тоғысатын жері саналады. Соның арқасында ғалымдар өз жобаларын жүзеге асырмақ, - дейді «Shygys Bastau» технопаркінің жетекшісі Алмасбек Мәуліт. 
Сондай-ақ өңірдің өнеркәсіптік кәсіпорындарымен ынтымақтастық туралы меморандум жасалды. Ұйымдастырушылардың сөзінше, отырыс қорытындысына сай өңірлік ғылымды дамытуды шешуге бағытталған қарар қабылданбақ.

Қымбат МУХАМАДИЕВА

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив