ШҚО Қорғаныс істері жөніндегі департамент өкілдері мен 27943 әскери бөлімінің сарбаздары Ұлы Отан соғысының ардагері Анастасия Павловна Светочеваның үйінің ауласын қардан тазалап, көмек көрсетті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Анастасия Павловна 1922 жылдың 11 қарашасында дүниеге келген. Ол 1942 жылдың мамырында майданға шақырылып, 26-шы жеке Қызыл Ту байланыс полкінде қызмет етті. Ардагер Ленинградты қорғауға және оның қоршауын бұзуға қатысып, тарихтың ең қатыгез беттерінің куәсі болды.
Соғыстан кейін Анастасия Павловна Ленинград монтаж техникумын аяқтап, осы саладағы шебер болып еңбек етті, қалалық кеңестің депутаты болып сайланды. Ерлігі мен еңбегі үшін ол I дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Жауынгерлік ерлігі үшін» және «Ленинградты қорғағаны үшін» медальдарымен марапатталған.
Бұл шараның мақсаты – қар тазалау ғана емес, ардагерге шынайы алғыс айту, оның ерлігін еске алу.
- Біздің парызымыз — болашағымызды сыйлаған жандарды құрметтеп, оларға қолдау көрсету, - деді шараға қатысқан сарбаздар.
Анастасия Павловна әскери қызметшілердің ықыласына ризашылығын білдіріп, олардың қызметіне табыс тіледі. Өз кезегінде сарбаздар ардагерге зор денсаулық, амандық және ұзақ ғұмыр тіледі.
Пікірлер