Бүгін мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруға елеулі үлес қосқан белсенді азаматтарға Өскемен қаласы әкімінің «Алау-2025» жастар сыйлығы табысталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Шаһар басшысы Алмат Ақышовтың сөзінше, өңір дамуына үлес қосып келе жатқан жастарды қолдаудың маңызы зор.
- Кез келген еңбек елеп-ескерілуі керек. «Алау-2025» жастар сыйлығы - мемлекеттің жастарға деген алғысы пен сенімінің белгісі. Олар қоғамдық өмірдің барлық саласында белсенділік танытып жүр. Болашақ - біздікі. «Мемлекет үшін не істей аламын?» деген жастардың саны арта береді деп сенемін. Себебі елдің болашағы - баршамыздың ортақ мүддеміз бен жауапершілігіміз, - деді Алмат Ақышов.
Қалалық Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған байқаудың 9 номинациясы бойынша биыл 103 өтініш қабылданды. Нәтижесінде үздік атанғандар арнайы дипломға, ақшалай сыйлыққа ие болды.
«Үздік көшбасшы» – С. Аманжолов атындағы ШҚУ-дың магистранты Бекзат Утжанов;
«Үздік волонтер» – С. Аманжолов атындағы ШҚУ Жоғары колледжінің 3 Курс студенті Анель Шәріпжанова;
«Үздік өндіріс маманы» – «Казцинк» ЖШС Қорғасын зауытының балқытушысы Илья Кузнецов;
«Үздік IT-маманы» – Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың жоғары санатты инженері Диас Бидахметов;
«Үздік оқушы» – Дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының 11 сынып оқушысы Ақерке Төлеухан;
«Үздік мемлекеттік қызметші» – Өскемен қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Олжас Құдайбергенов;
«Үздік педагог» – Ш.Уәлиханов атындағы «№3 мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі, тәрбие жұмысы жөніндегі меңгерушісі Айдана Махмұтова;
«Үздік дәрігер» – ШҚО Көпсалалы онкология және хирургия орталығы онкохирургия бөлімшесінің хирург-онкологы Тілеубек Нұрғалиев;
«Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» – «Зелёная лошадь» ат клубының басшысы Александр Ралко.
Салтанатты жиынға мемлекеттік қызметшілер, өндіріс саласының мамандары, қаланың жас көшбасшылары, жұмысшы және шығармашыл жастар, спортшылар, IT саласының үздік мамандары, жастар қоғамдық ұйымдарының өкілдері қатысты. Форумда жастардың әлеуетін қолдау мен дамытуға бағытталған тәжірибелер талқыланып, жыл бойы атқарылған жұмыс қорытындыланды.
- «Үздік оқушы» номинациясына ие боламын деп күтпедім. Бұл марапат - менің білім жолындағы жаңа белесім, алға қойған мақсаттарымның жаңа бастамасы. Қала әкімінің сыйлығы алға қарай ұмтылуға шабыт берді. Қазір 11 сыныпта оқимын. Бұған дейін көптеген әлеуметтік және IT жобаларды іске асырдым. Болашақта математика пәнінің мұғалімі болуды қалаймын, - деді Дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының 11 сынып оқушысы Ақерке Төлеухан.
Бұдан бөлек, салтанатты кеште шаһардың өркендеуіне үлес қосып, елеулі еңбегімен көзге түскен бір топ жас марапатталды.
Қымбат МУХАМАДИЕВА
Пікірлер