Қатар астанасы Доха қаласында Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені басшылығы мен әлемдегі ең ірі әрі беделді медиакомпаниялардың бірі — Al Jazeera Media Network өкілдерінің кездесуі өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
ҚР Президентінің Телерадиокешені директоры Раушан Қажыбаева мен Al Jazeera Media Network-тың бас директоры Шейх Нассер бин Фейсал Әл Тани ынтымақтастықты тереңдету және Al Jazeera-ның өңірдегі қатысу аясын кеңейту мәселелерін жан-жақты талқылады.
Қолданыстағы форматтармен қатар, Шейх Нассер бин Фейсал Әл Тани арнаның Қазақстанда хабар таратуын ұйымдастыруға және бүкіл Орталық Азия өңіріндегі оқиғаларды таратуға арналған кәсіби база құруға үлкен қызығушылық танытты.
Сондай-ақ Al Jazeera өңір журналистерінің кәсіби дағдыларын дамытуға бағытталған, ҚР Президентінің Телерадиокешені ұсынған екі компания тәжірибесін институционализациялау жобаларына айрықша қызығушылық білдірді. Тараптар диалогты жалғастырып, осы бастаманы 2026 жылы іске асыру бойынша практикалық қадамдарға көшуге уағдаласты.
Al Jazeera Media Network бас директоры Раушан Қажыбаеваға шақырғаны үшін алғыс айтып, жақын арада Қазақстанға жұмыс сапарымен жеке келуге дайын екенін растады.
Сонымен қатар Раушан Қажыбаева Al Jazeera Media Institute директоры Иман Әл Әмримен кездесті. 2024 жылы тараптар бірлесіп Maqsut Narikbayev University жанындағы халықаралық журналистика мектебінің студенттері мен қазақстандық журналистерге арналған Қазақстандағы алғашқы «Al Jazeera апталығын» өткізген болатын.
Кездесу барысында Иман Әл Әмри 2026 жылы екінші «Al Jazeera апталығын» өткізу жоспарын растады және қазақстандық студенттер мен сала мамандарына Al Jazeera-ның көпжылдық журналистік тәжірибесін жинақтаған Медиа институттың авторлық кәсіби әдебиеттерінің кең кітапханасына қолжетімділік ұйымдастыруды ұсынды.
Еске сала кетейік, 2025 жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Al Jazeera English телеарнасына эксклюзивті сұхбат берген болатын.
Айта кетейік, ҚР Президентінің Телерадиокешені — Қазақстандағы ең ірі медиакомпаниялардың бірі. Ол контентті жасау, өңдеу және тарату жұмыстарын толықтай өзі атқарады және оны теледидар, радио, интернет сияқты барлық платформаларда ұсынады.
Телерадиокешеннің құрамына:
Jibek Joly республикалық телеарнасы мен радиосы,
Silk Way, Silk Way Cinema, Silk Way Prime халықаралық телеарналары,
«Kazinform» халықаралық ақпарат агенттігі,
Деректі кино орталығы кіреді.
Al Jazeera телекомпаниясы 1996 жылы Қатар әмірінің жарлығымен құрылған. Компания араб және ағылшын тілдерінде әлемнің көптеген елдерінде хабар таратады, 50-ден астам шетелдік бюросы бар. Деректі контент Al Jazeera Documentary телеарнасында көрсетіледі.
Пікірлер