Өңірде білім беру, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет және инженерлік инфрақұрылым салаларындағы 21 әлеуметтік маңызы бар нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл туралы ШҚО Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Ернұр Мұқатаев мәлімдеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Білім беру саласындағы негізгі жоба – Риддердегі 600 орындық мектептің (инвесторлық жоба) құрылысы. Жұмыстар осы жылдың қаңтарында басталып, дайындық деңгейі 35%-ды құрайды, ал аяқталуы 2026 жылдың шілдесіне жоспарланған. Ал Жарсу ауылындағы мектептің спорт кешені 98%-ға дайын. Ол осы жылдың желтоқсанында пайдалануға беріледі.
Денсаулық сақтау саласында ірі жобалар жалғасуда: Өскемендегі Гематология орталығы 90%-ға, ал Риддердегі көпбейінді аурухана 98%-ға дайын (желтоқсанда тапсырылады). Сондай-ақ Қаратал кентінде дәрігерлік амбулаториялардың құрылысы, Онкология және хирургия орталығының хирургиялық корпусын жаңғырту және Ана мен бала орталығын перзентханаға қайта құру жұмыстары жүргізілуде. МРТ орналастыруға арналған ғимаратты да осы жылдың желтоқсанына дейін аяқтау жоспарлануда.
Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба аясында жоспарланған 36 нысанның 35-інде жұмыстар толығымен аяқталды. Шемонаиха ауданының Волчанка ауылындағы дәрігерлік амбулатория 98% дайын, аяқталу мерзімі — 2025 жылдың желтоқсаны.
Ауылдық жерлердегі бес спорт нысанында (Үлкен-Нарын, Марқакөл, Бозанбай, Айнабұлақ, Ақжар) құрылыс жұмыстары жалғасуда. Айнабұлақ пен Ақжар ауылдарындағы нысандардың дайындығы 95%-ды құрайды.
Ос жылдың желтоқсанына дейін 8 нысанда құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтау жоспарланған. Олардың қатарында Жарсудағы спорт кешені, Волчанка мен Ахмердегі амбулаториялар, Риддердегі аурухана кешені, Айнабұлақ, Бозанбай және Ақжардағы спорт нысандары бар. Жұмыстарды уақтылы және сапалы тапсыруды қамтамасыз ету үшін қаржыландыру мен жобалық құжаттама қатаң бақылауда ұсталуда.
Пікірлер