ҚР Тәуелсіздік күніне орай облыс орталығындағы О.Бөкей атындағы кітапханада «Белсенді қоғам – өркенді өмір кепілі» атты қалалық Ардагерлер кеңесінің Желтоқсан оқиғасына қатысушылармен кездесуі ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жиында ұрпақтар сабақтастығы, азаматтық белсенділік және тарихи жадты сақтау мәселелері қозғалады.
Өскемен қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ринад Ахметжановтың сөзінше, мұндай кездесулердің жастар үшін маңызы зор.
- Баршаңызды келе жатқан Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын! Өскелең ұрпақтың аға буын өкілдерінен үйренері мол. Сіздер жүрген жолмен жүріп, сіздерден тағылым алу - біздің үшін үлкен мәртебе. Осы ретте барлығыңызға ерең еңбектеріңіз үшін зор алғысымды білдіремін, - деді бөлім басшысы.
Жиынға келген желтоқсаншылар осы оқиғаның ел тарихындағы маңызына тоқталып, өз естеліктерімен бөлісті.
- Бүгін желтоқсаншылар мен ардагерлерге ерекше құрмет көрсетілуде. Тәуелсіздік күні жыл сайын бұдан да ауқымды деңгейде өткізіле берсе екен дейміз. Ата-бабамыз аңсаған азаттығымыз жасай берсін, - деді «Желтоқсан – 86» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Марат Рамазанов.
Кездесу соңында мектеп оқушылары патриоттық әндер шырқап, өлең шумақтарын арнады.
Қымбат МУХАМАДИЕВА
Пікірлер