
Жүкті әйелдерден Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысты сұрақтар жиі түседі. Осыған орай Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының ресми өкілі Забира Оразалиева болашақ аналарды жиі мазалайтын мәселелерге қатысты жауап берді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
- Ресми түрде жұмыс істейтін әйелге МӘМС-ке жарна төлеу керек пе? Ал жұмысы болмаса ше?
- Егер сіз ресми түрде жұмыс істесеңіз, МӘМС-ке жарналар мен аударымдарды жұмыс беруші төлейді. Ай сайын еңбекақыңыздан 2% мөлшерінде жарна ұсталады. Ал, жұмыс беруші өз қаражаты есебінен 3% аударым жасайды. Жүктілік бойынша демалысқа шыққанға дейін бұл міндеттемелер толықтай жұмыс беруші тарапынан сақталады.
Жұмыс істемейтін жүкті әйелдер — мемлекет жарна төлейтін жеңілдік санатына жатады. Ол үшін өзіңіз тіркелген емханаға барып, жүктілік бойынша есепке тұру қажет. Деректер жүйеге енгізілгеннен кейін әйелге «сақтандырылған» мәртебесі беріледі. Жарнаны өзіңіз төлеудің қажеті жоқ.
Тағы бір ескеретін жайт, кәсіпкер ретінде тіркеліп, табысы болмаса да, әйел жарна төлеуге міндетті. Егер қызмет ресми тоқтатылмаса, МӘМС-ке жеке кәсіпкер ретінде жарна төлеу қажет. Биылғы төлем мөлшері — 5 950 теңге. Жеңілдік санатына ену үшін жеке кәсіпкерліктің қызметін ресми түрде тоқтату қажет.
Жеңілдік санатына жұмыс істемейтін жүкті әйел ғана кіреді. Жүктілік бойынша есепте тұрған, ресми жұмыс істемейтін әрі жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген әйел.
- Қандай жағдайда жүкті әйел жеңілдік мәртебесінен айырылуы мүмкін?
- Жүйеде міндетті зейнетақы жарналары немесе әлеуметтік аударымдар пайда болған жағдайда жеңілдік мәртебесі алынып тасталуы мүмкін. Бұл — әйелдің табыс алып, «жұмыс істемейтін» санатына сәйкес келмейтінін білдіреді.
Мұндай жағдай көбіне жүкті әйелдердің жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, аударымдар жасауы салдарынан болады. Мәртебені қалпына келтіру үшін жеке кәсіпкерліктің қызметін ресми тоқтату қажет.
Жүкті әйелге МӘМС бойынша сақтандыру қажет пе?
- Иә. Барлық жүкті әйел МӘМС жүйесінде сақтандырылған болуы тиіс. Себебі, жүктілік пен босануға қатысты медициналық көмектің басым бөлігі МӘМС аясында көрсетіледі. Жұмыс істейтін әйелдер — жұмыс берушінің аударымдары есебінен, жеке кәсіпкерлер — өз жарналары есебінен, ал жұмыс істемейтіндер — мемлекет есебінен сақтандырылады.
- Жүкті әйел қашан есепке тұруы керек?
- Әйел тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркелген емханада есепке алынады. Егер бұрын басқа емханада қызмет алған болса, қоныс аударуына байланысты жақын аймақтағы емханаға тіркелуі қажет. Жүктілік бойынша медициналық есепке 12 аптаға дейін тұрған жөн. Есепке алу үшін әйел тіркелген емхананың акушер-гинекологына жүгінеді. Оны МӘМС аясында қабылдайды және сақтандырылған мәртебесін талап етеді.
Егер әйел сақтандырылмаған болса, дәрігер жалпы тәжірибе немесе акушер қабылдауына жүгіне алады. Өйткені, бұл қызметтер ТМККК шеңберінде көрсетіледі. Есепке тұрғаннан кейін және табысы болмаған жағдайда жүкті әйел жеңілдік санаты бойынша сақтандырылған мәртебесіне ие болады.
- Жүкті әйелге емханада қандай медициналық қызметтер қолжетімді?
- Есепке тұрғаннан кейін әйелдің жағдайы тұрақты бақылауға алынады. Жүктілік кезеңіне сәйкес зертханалық талдаулар, үш кезеңді перинаталдық скрининг аясында УДЗ зерттеулері, қажет болған жағдайда бейінді мамандардың кеңесі жүргізіледі.
Сонымен қатар, әйел денсаулық жағдайына байланысты тәуліктік немесе күндізгі стационарда ем ала алады. Барлық қызмет ТМККК және МӘМС аясында көрсетіледі.
Ана мен бала денсаулығы — денсаулық сақтау жүйесінің ерекше бақылауында. Сол себепті жүктілікті уақытылы есепке қойып, әр триместрде белгіленген тексерулерден өту маңызды. Бұл ана мен баланың денсаулығын қорғауға және асқынулардың алдын алуға көмектеседі.
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер