Биыл ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің облыс бойынша Департаменті монополияға қарсы бақылау аясында бір тексеру жүргізді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Тексеру нәтижесінде «Өскемен әуежайы» АҚ авиациялық отынды бөлшек саудада монополиялық жоғары бағамен сатқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
- Жалпы өткен жылы нарықтың 6 субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 10,1 млн теңгені құрады. Сонымен қатар 10 млн теңге көлеміндегі монополиялық табыс мемлекет кірісіне тәркіленді. Көмір бағасының негізсіз өсу қаупінің алдын алу мақсатында екі ескерту берілді, - ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің ШҚО бойынша Департаменті басшысы Сауле Бақберген.
Мамандардың айтуынша, департамент жұмысы үш негізгі бағытта жүзеге асырылды. Олар — бәсекелестікті қорғау, тауар нарықтарының жағдайын талдау және бизнестің дамуына кедергі келтіретін факторларды жою.
- Өткен жылы тауар нарықтарына 17 талдау жүргізіліп, заң бұзушылықтардың алдын алу мақсатында азық-түлік жеткізушілерімен 18 антимонопольдық комплаенс-шарт жасалды. Сондай-ақ кедергілерді жою және мемлекеттің экономикадағы үлесін азайту мәселесіне ерекше назар аударылды. Кедергілерді жою жөніндегі Кеңестің жұмысы нәтижесінде 6 мәселе жергілікті деңгейде шешімін тапты. Бұдан бөлек, мемлекеттік кәсіпорындардың қызметіне 47 мониторинг жүргізіліп, 7 нұсқама берілді. Аталған нұсқамалардың барлығы толық орындалған, - деді департамент басшысы.
Департамент алдағы уақытта да бәсекелестік ортаны дамыту және кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бағытындағы жүйелі жұмысын жалғастырмақ.
Пікірлер