Өскемен гарнизоны 27943 әскери бөлімінің зениттік дивизионы үш ерекше жұппен толықты. Қарағандыдан келген Никита мен Данил Симоновтар тайға таңба басқандай бір-бірінен айнымайтын егіз болса, тарбағатайлық Айдос пен Елдос Жанболатұлдарының ағайынды екені бір қарағаннан-ақ байқалады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Қос егіз 27943 әскери бөліміне күзгі шақырту кезінде келіп түсті. Бастапқыда жеке құрам оларды шатастырып алған кездер де болды. Алайда бірнеше күн өткеннен кейін офицерлер мен сержанттар сарбаздарды түр-тұлғасы мен мінез-құлқы арқылы ажыратуды үйреніп келеді.
– Егіз жігіттің бөлімге келуі жеке құрамға ерекше серпін берді. Олар бір-біріне ұқсағанымен, қызметке деген көзқарасы, тапсырманы орындау тәсілі жағынан әрқайсысының өзіндік ерекшелігі бар. Біздің міндет — олардың әскери дағдыларын дамытып, бір-біріне тірек болып, нағыз бөлім абыройын сақтайтын жауынгерлер ретінде тәрбиелеу. Егіздер арасында командалық рух жоғары, бұл взводтың жалпы ынтымағына да жақсы әсер етеді, – деді зениттік дивизион командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстары жөніндегі орынбасары лейтенант Нүрбек Бердіш.
Бүгінде жас сарбаздар мамандық бойынша дайындық бағдарламасынан өтіп жатыр. Нышан белгілерін тану, қару-жарақпен жұмыс істеу, саптық дайындық және дене жаттығулары – күнделікті оқу жоспарының негізгі бөлігі. Командирлердің айтуынша, егіздер тапсырмаларды жылдам меңгеріп, бір-біріне демеу болып үлгеріп жүр.
Қос егіз бүгінде зениттік бөлімшенің жауынгерлік есептоптарына бөлініп, өз міндеттерін абыроймен атқарып жүр.
– Бізге әскерге шақырту келгенде еш ойланбастан Отан алдындағы борышымызды өтейміз деп шештік. Қазір біз ең күшті дивизионда, ең керемет сержанттардан тәрбие алып жатырмыз, – деді Данил Симонов.
Бұдан бөлек, көктемгі шақыртумен қатарға қосылған сарбаздардың ішінде Зайсан ауданы Қарабұлақ ауылынан келген Нұрсұлтан мен Ерсұлтан Әмелбектер де бар. Бүгінде олар шабуылдау батальонында қызмет атқарып жүр: Нұрсұлтан – атқыш, ал Ерсұлтан – граната атқыш лауазымында. Тәртіпті, ширақ әрі жауапкершілігі жоғары бұл сарбаздар взводтың жауынгерлік дайындығын нығайтуға өз үлестерін қосуда.
Осылайша, Өскемен гарнизонында күзгі шақыртумен келген егіз жауынгерлер мен қатарға қосылған жас сарбаздар әскер өміріне тез бейімделіп, бөлімнің біртұтас ұжымына айналып үлгерді. Алдағы қызметте де олардың ел қорғанысын нығайтуға елеулі үлес қосатынына сенім мол.
Пікірлер