A+ A A-

talgatzhan 34 Бүгін, 11:50 0

Бюджет жобасы бекітілді: ШҚО-да денсаулық сақтау саласын дамытуға 12,2 млрд теңге бөлінбек

Бүгін / ШҚО

Өткен апатада өңір басшысы Нұрымбет Сақтағановтың қатысуымен облыстық мәслихаттың кезекті 26 сессиясының отырысы өтті. Жиында аймақтағы денсаулық сақтау саласына қатысты өзекті мәселелер мен 2026-2028 жылдарға арналған бюджет жобасы талқыланды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Өңірдегі өлім-жітім

ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Төлеген Жігітаевтің ақпаратынша, биыл 10 айда өңірде 47 сәби өлімі тіркелді.

– Жыл басынан бері 6 296 сәби дүниеге келді. Былтырмен салыстырғанда тірі туған сәбилер саны 732-ге азайды. 10 айда 25 неонатальды өлім жағдайы тіркелсе, 9 бала өлімі анықталды. Аналар арасында өлім-жітім тіркелмеді, – деді ол.  

Өңірде психоактивті заттарды тұтыну салдарынан психикалық және мінез-құлық бұзылыстарының аурушаңдығы 37,8%-ға төмендеді. АИТВ жұқтыру жағдайы 0,33-ке, B гепатитімен ауыру жағдайы 0,14-ке тең. Қатерлі ісіктердің 36,3%-ы 0–I сатысында анықталуда. Ал туберкулездің аурушаңдығы 110,1%-ға төмендеді. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында 34 медициналық нысан салынды. Жыл соңына дейін тағы екеуінің құрылысы аяқталады. Ол үшін 8 074,8 млн теңге қарастырылған. 

– Осы жылы басталған нысандар бойынша жұмыс жалғасады. Олардың қатарында Өскемендегі Гематология орталығы, Риддердегі 200 орынға арналған көпбейінді стационарлық кешен және 500 қабылдау мүмкіндігі бар емхана, ШҚО Көпсалалы онкология және хирургия орталығы хирургиялық корпусының 1-3 қабаттарын жаңғырту, Өскемендегі Ана мен бала орталығының стационар ғимаратын босану үйі етіп қайта құру және жабдықтау, Шығыс Қазақстан облыстық ауруханасы (Литер А, А2) ғимаратының кейбір бөлмесін қайта жоспарлау және күрделі жөндеу арқылы реанимация бөліміне бейімдеу, Зайсан ауданындағы (Қаратал) және Өскемендегі (Ахмер) дәрігерлік амбулаториялар бар, – деді басқарма басшысы.

Өңірдегі 11 денсаулық сақтау нысанын күрделі жөндеуден өткізуге 3,7 млрд теңге бөлінді. Мамандандырылған медициналық орталықты, Өскемен қалалық №1 емхана ғимаратын, Асубұлақ ауылындағы дәрігерлік амбулатория ғимаратын желдеткіш, инженерлік желілер, электрмен жабдықтау үшін 1 045,0 млн теңге бағытталды. «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы аясында 4 нысанды күрделі жөндеуге 1 104,9 млн теңге бөлінді. Бұдан бөлек, облыстық бюджеттен тағы 7 нысан үшін 1 403,4 млн теңге қарастырылды.

Өңірдегі көпбейінді ауруханалар 1 576,7 млн теңгеге 34 құрал-жабдықпен қамтамасыз етілуде.

– Аудандық ауруханаларды 1 050,6 млн теңгеге 72 құрал-жабдықпен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Республикалық бюджет қаражатынан 739,2 млн теңгеге онкологиялық ауруларды емдеуге арналған тоғыз құрал алынды. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында Алтай ауданаралық ауруханасына бір МРТ аппараты сатып алынды. Облыстық бюджет қаражаты есебінен қалалық №4 аурухананы медициналық газбен қамтитын орталықтандырылған жүйемен жабдықтау жүргізілуде. Облыстық ауруханаға рентген түтігі сатып алынды. Облыстық психикалық денсаулық орталығын газ хроматографымен жабдықтау жөнінде келісімшарт жасалып, 10 дірілдік-акустикалық аппараты сатып алынды. Жедел медициналық көмек станциясын жабдықтау үшін 3 реанимобиль және 36 автокөлікке қаржы бөлінді. Қазір келісімшарттар жасалуда, – деді Төлеген Жігітаев.

 

Қаражат қайда жұмсалады?

Мәслихат сессиясында ШҚО Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысы Нұрсұлтан Маратов алдағы екі жылға арналған бюджет жоспарымен бөлісті. Айтуынша, денсаулық сақтау саласын дамытуға 12,2 млрд теңге бөлінбек.

– 28 маманды Түркия, Ресей, Германияның үздік емханаларында оқытуға, резидентурада 55 маманды даярлауға 376 млн теңге бөлінді. Вакцина сатып алуға 1,7 млрд теңге, сирек кезедесетін ауруларға шалдыққан 73 ересек пен 51 балаға дәрі-дәрмек сатып алуға 1,7 млрд теңге, туберкулездің алдын алу, жүре пайда болған иммун тапшылығы синдромы, адамның иммун тапшылығы вирусы және нашақорлықпен күрес бойынша әлеуметтік жобаларды іске асыруға 266 млн теңге жұмсалмақ, – деді Нұрсұлтан Маратов.

Өскемен, Риддер қалалары мен Глубокое, Күршім, Тарбағатай аудандарындағы денсаулық сақтау нысандарын күрделі жөндеуден өткізуге 1,7 млрд теңге бөлінбек. Тағы 1,8 млрд теңгеге үш нысан құрылысы мен жаңғыртуын аяқтау жоспарлануда.

Нұрсұлтан Маратовтың айтуынша, мәдениет саласын қолдауға келер жылы бюджеттен 8,6 млрд теңге бөлінбек.

– 13 мәдениет ұйымын ұстауға 6,9 млрд теңге қарастырылған. Тарбағатай ауданына қарасты Қарасу ауылындағы Мәдениет үйін жөндеуге 15 млн теңге бағытталмақ. Алтай ауданына қарасты Серебрянск қаласындағы көпбейінді корпус реконструкциясын аяқтауға 770,6 млн теңге бөлінеді, – деді ол.

Келесі жылы дене шынықтыру мен спортқа 17,4 млрд теңге бөлінбек. Осылайша, 38 спорт мектебіне 12,7 млрд теңге бағытталады. 

– Облыста 2,7 млрд теңгеге 4 спорт нысанын салу жоспарланған. Өскемендегі ипподром құрылысына 500 млн теңге, волейбол орталығына 1 млрд теңге, Риддердегі дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне 981,9 млн теңге, Зайсан ауданына қарасты Сарытерек ауылындағы спорт модуліне 200 млн теңге бөлінеді, – деді басқарма басшысы.

Келер жылы аймақта сумен жабдықтау және тарту бойынша 4,2 млрд теңгеге 14 жоба іске асырылмақ. Жылумен жабдықтау және газификация жөніндегі 11 жобаға 2,6 млрд теңге қарастырылған. Көмір сатып алу шығындарын субсидиялауға 439,1 млн теңге бөлінеді.
– Өскеменде 1 млрд теңгеге жалпы ауданы 13,4 мың шаршы метр болатын үш көпқабатты үй құрылысы жалғасады. “Бірқабатты Шығыс” бағдарламасы бойынша баспана салуға және сатып алуға 2,7 млрд теңге бөлінеді, – деді Нұрсұлтан Маратов.

Жол-көлік инфрақұрылымын дамытуға 19,8 млрд теңге қарастырылған. 

– Жолдарды жөндеу және күтіп ұстауға 11,7 млрд теңге, әлеуметтік маңызы бар бағыттар бойынша жолаушылар тасымалын субсидиялауға 3,7 млрд теңге бағытталады, – деді басқарма басшысы.

 

Ветеринарияға да ден қойылады

Жалпы облыста 3 көлік жобасын іске асыруға 767,6 млн теңге жоспарланған. Ал білім беру саласына бюджет қаржысынан 199,9 млрд теңге бөлінбек. Оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер сатып алуға 450 млн теңге бағытталса, 1-4 сынып оқушыларын тегін тамақпен қамту үшін 8,5 млрд теңге қарастырылды. 

– «Білікті маман» жобасы бойынша 1,4 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражат 1271 грантты қамтиды. Білім беру нысандарын ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарына 1 млрд теңге, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында пайдалануға берілетін мектептер шығындарына 1,8 млрд теңге бөлу жоспарланған. Күршім ауылындағы орта мектебінде 134 млн теңгеге спорт залын салу аяқталады. Глубокое ауданындағы Опытное поле ауылына және Белоусовка кентіне мектеп жолдарын салуға 626 млн теңге бөлінбек, – деді Нұрсұлтан Маратов.

Басқарма басшысының айтуынша, мал шаруашылығына 4,8 млрд теңге, өсімдік шаруашылығына 4,2 млрд теңге, инвест субсидиялауға 9 млрд теңге, ал қайта өңдеуге 572 млн теңге бағытталмақ. 

25 мал қорымы, 32 ветериналық пункт, 3 ветеринарлық станция алу үшін бюджеттен 1,7 млрд теңге қарастырылады. Ал ветеринарлық қызметке деп сатып алынған көліктер мен арнайы жабдықтарды лизингтік қаржыландыруға 581,3 млн теңге бөлінеді. 

 

Қымбат МУХАМАДИЕВА

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив