
Өткен аптада өңір басшысы Нұрымбет Сақтағанов Үлкен Нарын ауданына жұмыс сапарымен барып, жергілікті жұртпен жүздесті. Әдеттегідей бірнеше маңызды нысанды аралап, осы уақытқа дейін не істелінгендігімен танысты. Сапар барысында облыс әкімі Көкбастау ауылындағы жаңа спорт кешенінің ашылу салтанатына қатысты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі
9,6 млрд теңге инвестиция тартылады
Тұрғындармен кездескен Нұрымбет Сақтағанов ауданның 2029 жылға дейінгі даму жоспарына сәйкес 3 млрд теңге бюджет қаражатын және 9,6 млрд теңге жеке инвестиция тарту жоспарланғанын жеткізді.
– Жеке инвестициялар есебінен былтыр 4,3 млрд теңгеге «Приморск» базасы кеңейтіліп, Үлкен Нарын ауылында 35,6 млн теңгеге 24 орындық хостел ашылды. 50 млн теңгеге дүкен (ЖК Байжумин Д.) кеңейтілді. Биыл Үлкен Нарын ауылында 29,5 млн теңгеге ет және ет өнімдерін өңдеу цехі, 31,4 млн теңгеге шағын қонақүй ашылды. Көктерек ауылында 10 млн теңгеге наубайхана іске қосылып, «Приморск» туристік базасында 400 млн теңгеге пантымен емдеу орталығының құрылысы жүргізілуде, – деді әкім.
Анықталғандай, ауданда 19 мың бас ірі қара, 26,9 мың бас қой мен ешкі, 11,5 мың бас жылқы бар. 10 айда ауданның барлық шаруашылық санатында 3 мың тоннадан астам ет өндірілді.
Қазір Малонарымка ауылында 70 млн теңгеге 200 басқа арналған бордақылау алаңы салынып жатыр. Жоба келесі жылдың 2 тоқсанында іске қосылмақ. Солоновка ауылында 600 басқа арналған сүт-тауар фермасын жаңғырту және кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Нысан келесі жылы пайданауға беріледі.
Бүгінде ауданда демалушыларға арналған 6 туристік орын бар. Жыл басынан бері туристер саны 38,5%-ға өсіп, 4900-ге жетті.
– Биыл аудан әкімдігі мен «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ аймақтық филиалының Үлкен Нарын ауылы кіреберісінде жол бойындағы сервис ашудағы оң тәжірибесін атап өткен жөн. Келесі жылы Приморск ауылында және ауданның кіру нүктелерінде жағажай аймағын дамыту жоспарлануда, – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Сегіз мектепке Starlink орнатылды
Ресми ақпаратқа сүйенсек, аудан өнеркәсібінің 37,3%-ын (256,9 млн теңге) өңдеу өнеркәсібі құрайды. Биыл мұнда құны 1,4 млрд теңге болатын асфальт-бетон зауытының құрылысы аяқталды. Қазір жабдықтар орнатылып, зауыт өз жұмысын бастады.
– Осы жылы Үлкен Нарын ауылындағы сумен жабдықтау нысандарын қайта құру жұмыстары жалғасуда, оған 2,2 млрд теңге жұмсалды. Жобаны аяқтау үшін қосымша 254,9 млн теңге қажет. Ал Алтынбел, Үштөбе және Солдатово ауылдарында сумен жабдықтау желілерін ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталды, Жұлдыз ауылында бұл жұмыс жалғасуда, – деді өңір басшысы.
Қазір ауданда үш қазандық жұмыс істейді. Былтыр үш қазандық пен жылу желілері 325,3 млн теңгеге жөндеуден өтті. Осы жылы Үлкен Нарын ауылындағы қазандықтарды жөндеу жұмыстары 181 млн теңгеге аяқталды, көмір сатып алуға 154,9 млн теңге бөлінді.
Ресми ақпаратқа сүйенсек, аудан халқының 95,7%-ы интернетпен қамтамасыз етілген. Дегенмен 468 адам тұратын алты ауылда (Үштөбе, Жұлдыз, Қаражал, Алыбай, Құндызды және Бесүй) байланыс сапасы туралы шағымдар түсуде.
Аталған елді мекендерге қатысты мәселені 2027 жылдың соңына дейін ұлттық «Қолжетімді интернет» жобасы аясында ұялы байланыс операторларымен бірлесіп кезең-кезеңімен шешу жоспарлануда.
– Үштөбе, Жұлдыз, Қаражал, Алыбай, Құндызды және Бесүй ауылдары үшін интернетке қосылудың балама нұсқалары да қарастырылуда, – деді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Аудандағы сегіз мектепке Starlink жинағы орнатылды. Ал республикалық тасжол бойында антенна діңгегі құрылысын салу бойынша оң сараптамалық қорытынды алынды.
Оңалту орталығы салынады
Былтыр ауданда 118,3 млн теңгеге 6 білім беру нысаны жөнделді. Осы жылы Үлкен Нарын ауылындағы білім ордаларының оқушыларын тасымалдайтын 2 автобусты жаңарту жоспарлануда.
Бұдан бөлек, аймақ басшысы аудан әкімдігіне Үлкен Нарын ауылындағы Балалар музыка мектебіндегі орын тапшылығы мәселесін шешу бойынша ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.
Облыс әкімінің сөзінше, халықтың сұранысы бойынша ауданда «Қамқорлық» қорының қатысуымен мүмкіндігі шектеулі балалар үшін оңалту орталығын ашу жоспарлануда.
– Орталық бұл қызметпен Алтай, Катонқарағай және Күршім аудандарын да қамтуға мүмкіндік береді. Балаларға арналған тәуліктік және күндізгі оңалту орталығын ашу үшін аудандық аурухана ғимаратының 1 және 2 қабаты бөлінді. Ғимаратты жөндеуді бюджет қаражаты есебінен жүргізу үшін аудандық аурухананың балансынан аудандық коммуналдық меншікке беру қажет, – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Ал «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясында былтыр Майемер ауылында 203,6 млн теңгеге медициналық пункт салынды.
Аудандық ауруханаға 473,8 млн теңге тұратын 6 медициналық жабдық алынды. Биыл 16,2 млн теңгеге виброакустикалық аппарат іске қосылды.
«QazConsrtuctions» кемшілігінен арылмапты
Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов жұмыс сапары аясында Көкбастау ауылындағы жаңа спорт кешенінің ашылу салтанатына қатысты. Енді жаңа нысанда 270 ауыл тұрғыны, оның ішінде 70 оқушы спортпен шұғылдануға мүмкіндік бар.
Сонымен қатар Үлкен Нарын ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жалғасуда.
– Нысан құрылысы 2021 жылы басталған еді. Алайда 2022 жылы «QazConstructions» ЖШС тарапынан шарттық міндеттемелердің орындалмауына және істің сотта қаралуына байланысты құрылыс тоқтатылды. Бүгінде құрылыс-монтаж жұмыстарының 35%-ы орындалды. Құрылысты аяқтау үшін қыркүйекте ШҚО Құрылыс басқармасы мен «Элхон» ЖШС арасында Өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Қазір металлоконструкцияны қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Нысанды келесі жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр, - деді Нұрымбет Сақтағанов.
Қымбат МУХАМАДИЕВА
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер