
Алтай ауданын дамыту үшін 121 млрд теңгеден астам инвестиция тарту көзделген
Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов жуықта Алтай ауданына барған сапарында бірнеше нысанды аралап, халықпен жүздесті. Жиын барысында егін шаруашылығы мен туризмі еңсе тіктеп келе жатқан өлкенің қазіргі экономикалық жағдайы мен қай салада өрлеу байқалатыны айтылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жиырма бір дәрігер жетіспейді
Бұл жақта әсіресе денсаулық сақтау саласында оң өзгеріс байқалған көрінеді. Әкімнің айтуынша, ауданда медициналық инфрақұрылымды жаңарту қарқын алған. Қазір МРТ орталығының құрылысы жүріп жатыр. Сондай-ақ Тұрғысын ауылындағы дәрігерлік амбулатория да толық аяқталуға жақын. Жыл соңына дейін аудандық медициналық мекемелерге төрт бірлік заманауи құрылғы жеткізу жоспарланған. Бұдан бөлек, денсаулық сақтау көрсеткіштерінде де айтарлықтай ілгерілеу бар. Соңғы бір жылда туберкулезден болатын өлім-жітім 66 пайызға төмендесе, қатерлі ісіктен көз жұмғандар 8,7 пайызға азайды. Туберкулезбен сырқаттану деңгейі де 36,1 пайызға төмендеп отыр.
Сонымен қатар, Алтай ауданында кадр мәселесі әлі де өзекті. Қазіргі уақытта 21 дәрігер жетіспейді. Осыған байланысты облыс әкімі денсаулық сақтау ұйымдарына мамандар тарту жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Әкім әуелі Лермонтов көшесінде орналасқан көпқабатты үйге барды. 1975 жылы салынған ғимараттағы 41 пәтерде адамдар тұрып жатыр, ал 17 пәтер бос тұр. Аймақ басшысы бұл пәтерлерді қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу қажеттігін жеткізді. Одан соң әкім 2009 жылы ашылған «Никольск-1» ЖШС жұмысымен танысты.
– Кәсіпорын өсімдік және мал шаруашылықтарымен айналысады. 20 мың гектардан астам жері бар компанияда 15 адам жұмыспен қамтылған. Шаруашылық минералды тыңайтқыштарға, пестицидтерге, тұқымға мемлекеттен субсидия алады, – делінген ақпаратта.
Ферма құрылысы бітуге шақ
Спорт саласындағы жаңалықтан хабардар болған өңір басшысы экономикалық ахуалға да тоқталды. Жалпы, аймақта Мемлекет басшысының 2029 жылға қарай экономиканың өсу қарқынын екі есеге арттыру жөніндегі тапсырмасын орындау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Өңірдің жалпы өңірлік өніміндегі өнеркәсіптің үлесі 40 пайызды құрайтыны ескеріліп, облыста экономиканы әртараптандыруға басымдық берілуде.
– Осы мақсатта облыста экономикалық өсімді қамтамасыз етуге арналған өңірлік жобалық офис құрылып, барлық қала мен аудан бойынша экономикалық өсім нүктелерінің бес жылдық жоспарлары бекітілді, – делінген ақпаратта.
Сонымен қатар ауылдық округтерге арналған «Жол карталары» қабылданып, әрбір қала және аудан әкімімен 2025 жылға арналған KPI көрсеткіштеріне қол жеткізу бойынша меморандумдарға қол қойылды. Осындай құжаттар өңірлерді дамытуға бағытталған нақты жобалар мен іс-шараларды қамтиды.
Көпшілікке белгілі, Алтай ауданы агроөнеркәсіп кешенін, өнеркәсіп пен туризмді дамыту бағытында айтарлықтай әлеуетке ие. Өткен жылы жеке инвестициялар есебінен Алтай қаласында демалыс орталығы салынды. Полянское ауылында 1 075 басқа арналған сүт-тауар фермасының құрылысы аяқталса, Шірікқайың ауылында аталған ферма 600 басқа дейін кеңейтілді. Сондай-ақ Северный ауылында «Алтай аңыздары» атты ат клубы ашылды.
Ауданға қанша турист келді?
Туризм саласын дамыту бағытында да бірқатар жоба жүзеге асуда. Ресми ақпаратқа сенсек, жыл басталғалы ауданға 17,6 мың турист келді. Биыл Малеевск ауылында демалыс базасының құрылысы аяқталды. Снегирево ауылында апитерапия қызметтері көрсетілетін қонақ үйлер ашылды. Терапияның бұл қандай түрі десеңіздер, баламалы медицина тәсілі саналады. Адамның қан айланымын жақсарту үшін омарт шаруашылығ өнімдері қолданылады. Бал, прополис, балтозаң сияқты өнімдерді іске жаратып, жүйке-тамыр аурулары, бұлшық еттегі ауырсынуларды басуға қолданады.
– Жаңа Бұқтырма кентінде «Мелада» демалыс базасын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде, ал Бұқтырма станциясында «Пристань» туристік жол бойы кешенінің құрылысы басталды. Сонымен қатар Жаңа Бұқтырма кентінің сәулеттік келбетін жақсарту мақсатында абаттандыру жұмыстары жалғасуда, – делінген әкімдік ақпаратында.
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер