Қазақстанда өкпенің қатерлі ісігін ерте анықтауға арналған жаңа скрининг енгізу жоспарланып отыр. Денсаулық сақтау министрлігі тиісті бұйрық жобасын жария талқылауға шығарды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
Құжатта қолданыстағы профилактикалық тексерулер тізімін өкпе обырына арналған скринингпен толықтыру көзделген. Бұл шара онкологиялық ауруларды, әсіресе өкпе қатерлі ісігін ерте кезеңде анықтау тиімділігін арттыруға бағытталған.
Сондай-ақ бұйрық жобасында В және С вирустық гепатиттерін ерте анықтау бойынша нысаналы топты кеңейту ұсынылған.
Министрлік мәліметінше, енгізілетін өзгерістер профилактикалық тексерулердің қамтылуын арттыруға, қауіпті топтар арасында ауруды ерте анықтау үлесін көбейтуге және асқыну мен өлім көрсеткіштерін төмендетуге мүмкіндік береді.
Бұйрық жобасы бойынша қоғамдық талқылау 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін жалғасады.
Пікірлер