A+ A A-

talgatzhan 30 Бүгін, 14:30 0

ШҚО-да тұтынушыларға 37 млн теңге қайтарылды

Бүгін / ШҚО

Жыл басынан бері ҚР Сауда және интеграция министрлігінің ШҚО бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне азаматтардан 1149 өтініш келіп түсті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Өңір тұрғындары көбіне сапасыз тауарлардың сатылуына, тауарды қайтару және айырбастау кезіндегі қиындықтарға, тұрмыстық қызметтердің сапасыз көрсетілуіне шағымданған. Сонымен қатар электрондық саудаға қатысты өтініштер санының артқаны байқалады. Мәселен, тауардың сипаттамасына сәйкес келмеуі, жеткізудің кешіктірілуі.

- Биыл тұтынушыларға 37 млн теңге қайтарылған. Тұтынушылардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру мақсатында 37 тексеру жүргізіліп, 841 мың теңге сомасына 18 әкімшілік айыппұл салынды, 22 нұсқама мен 2 ескерту берілді. Департамент тұтынушылардың мүддесін қорғау бойынша 12 сот процесіне қатысты, - деді ҚР Сауда және интеграция министрлігінің ШҚО бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Асхат Сағидолдин.

Бұдан бөлек, жыл басынан бері 182 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, салынған айыппұл 2 млн теңгеден асты. Заңбұзушылықтың көбі Өскеменде, Ұлан және Шемонаиха аудандарында анықталды.

Ал бағаны тұрақтандыру мақсатында өңірде «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы форвардтық сатып алу тетігі жүзеге асырылуда. 

- Онлайн-сауданың қарқынды дамуына байланысты маркетплейстерге қатысты шағымдар саны артқан. Осы ретте «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» жаңа заң жобасы әзірленуде. Ол кәсіпкерлердің жауапкершілігін күшейтуді, тұтынушылардың құқықтарын кеңейтуді, Ұлттық тұтынушылар қауымдастығын құруды және тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі омбудсмен институтын енгізуді көздейді, - деді Асхат Сағидолдин.

Сонымен қатар Өскеменде нарықтарды жаңғырту жөніндегі Жол картасы аясында «Заречный» және «Заря» базарларында жаңа павильондардың құрылысы аяқталды, ал Орталық базарды жаңғырту жұмыстары келесі жылы жалғасады.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив