Бүгін шаһарда ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаевтың қатысуымен Әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі өңірлік үшжақты комиссияның отырысы ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жиынға қала және аудан әкімдері бейнебайланыс режимінде қосылды. Өңір басшысы Нұрымбет Сақтағанов аймақтың өндірістік әлеуетіне тоқталып, оның еңбек қауіпсіздігі мен әлеуметтік диалогты дамытудағы маңызын атап өтті.
– Біздің облыста металлургия, тау-кен және қайта өңдеу кәсіпорындары шоғырланған. Сондықтан еңбек қауіпсіздігі мен тараптар арасындағы тиімді әлеуметтік диалог ерекше мәнге ие. Мұндай алаңдарда жұмысшылар өз ұсыныстарын жеткізсе, жұмыс беруші оны шешу жолдарын қарастырады, өзара сенім артады. Қазіргі таңда аймақтағы 12 мыңнан астам кәсіпорында 191 мың адам жұмыс істейді. Бұл – үлкен жауапкершілік. Сондықтан ортақ диалог алаңы әрқашан қажет, – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Жиын барысында облыстың еңбек ұжымдарындағы ахуал баяндалды. Осыған байланысты Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті облыстық департаментінің басшысы Бақытбек Қизатов ақпаратпен бөлісті.
Облыс әкімі өңірдегі барлық кәсіпорын мен жұмыс берушіге жаңа жылға дейін жұмысшылар алдындағы жалақы берешектерін толық өтеу туралы тапсырма берді.
Биыл облыста “Жұмысшы мамандықтар жылы” аясында атқарылған жұмыстар да тысқары қалмады. ШҚО Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Альмира Мусинова, “Казцинк” ЖШС әкімшілік мәселелер жөніндегі басқарушы директоры Андрей Лазарев және Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Темірбек Қасымжанов өз баяндамаларында өңірдегі кадрлық мәселелер мен еңбек жағдайлары туралы айтты.
- Өңір экономикасына қажетті кадрларды дайындау үшін 37 колледж бар. Онда 20 мыңнан астам студент білім алуда. 2025 жылы түлектердің тұрақты жұмысқа орналасуы 87 пайызға өсті. Жаңа сұранысқа сай мамандықтар да ашылды. Оның ішінде авиация, логистика бар. Бұл мамандықтар бойынша 287 студент оқуға қабылданды, - деді ШҚО Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Альмира Мусинова.
Өңірлік үшжақты комиссияның отырысы Шығыс Қазақстандағы әлеуметтік-еңбек қатынастарын нығайтуға, жұмыс берушілер мен жұмысшылар арасындағы сенімді арттыруға бағытталғанын көрсетті. Жиында кадрлық мәселелерге, еңбек қауіпсіздігіне, жалақы берешектерін жоюға және әлеуметтік жобаларды дамытуға ерекше мән берілді. Мұндай алаңдардың тұрақты түрде ұйымдастырылуы өңірдегі еңбек қатынастарын тұрақтандыру мен әлеуметтік диалогты дамытуға септігін тигізеді.
Әдемі АМАНГЕЛДІ
Пікірлер