Соңғы уақытта өңір басшысы Нұрымбет Сақтағановтың әлеуметтік желідегі парақшасына Өскемен тұрғындарынан қар тазалау және қоғамдық көліктің жұмысына қатысты шағымдар жиі түсті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Сондықтан әкім түскі үзіліс кезінде өзі арнайы шығып, қардың қалай тазаланып жатқанын және автобустардың қозғалысын бақылап көрді.
- Қыс мезгілінде мұндай мәселелер адамдардың қауіпсіздігі мен жайлылығына тікелей әсер етеді. Ең алдымен адам көп жүретін көшелер, тротуарлар, аялдамалар, жаяу жүргіншілер өткелдері мен аулалар қардан тазалануы тиіс. Ал менің үйім мен әкімдік алды ең соңғы кезекте тазалануы керек, - деді Нұрымбет Сақтағанов.
Ол кәсіпкерлер және ғимарат иелері өз аумақтарынан қарды уақтылы әрі сапалы тазалап отыруы үшін қала әкіміне оларға түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
- Коммуналдық техниканың жағдайын шынайы бағалап, қарлы күндерге алдын ала дайындалу маңызды. Тек қар жауған кезде ғана әрекет етуге болмайды, - деді аймақ басшысы.
Нұрымбет Сақтағанов автобусқа отырып, жолаушылармен де сөйлесті. Тұрғындар жағдайдың біршама жақсарып қалғанын айтып отыр.
Облыс әкімі қаланың барлық жеріне автобустардың уақтылы қатынауы мен көшелердің дер кезінде қардан тазалануы өскемендіктер үшін қолайлы орта қалыптастыруға тікелей әсер ететін негізгі көрсеткіштер екенін атап өтті.
Пікірлер