Бүгін Сол жағалау саябағында нағыз ертегідегідей атмосфера орнады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Далада от жағылып, қонақтарға самауырдан шай ұсынылып, музыка қосылды. Балалар мен ересектер басты Аяз Атаны тағатсыздана күтті.
Көп ұзамай Аяз Ата мен Ақшақар бастаған салтанатты шеру саябаққа жетті. Ит жеккен шанамен келген кейіпкерлерді жұрт қуанышпен қарсы алды. Бұл шеруге Қазақстанның түкпір-түкпірінен ғана емес, жақын және алыс шетелдерден келгендер де бар.
Ең белсенділерін сахнада Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов марапаттап, қысқы Аяз Ата резиденциясын ресми түрде ашты.
Енді бұл жерде балалар мен ата-аналар Аяз Атаға хат жазып, естелікке суретке түсіп, нағыз мерекелік көңіл күйді сезіне алады.
Сондай-ақ осы уақытта көрермендер облыстық драма театрында қойылатын «Көзімді жұмсам да көрем сені» спектакліне жиналып жатты. Қойылымды тамашалауға облыс әкімі де барды.
Ал Аяз Ата мен Ақшақар шеруі орталық алаңға қарай бет алып, мұнда мерекелік флешмоб өтіп, Өскемен қаласының басты шыршасы салтанатты түрде жағылды.
Айта кетейік, алдағы күндері облыста Мемлекет басшысының және Шығыс Қазақстан облысы әкімінің атынан балаларға арналған жаңажылдық шыршалар ұйымдастырылмақ.
Пікірлер