Сауда орталығындағы зергерлік бөлімде алтын жүзік ұрланды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
ШҚО Полиция департаментінің мәліметінше, шамамен 40–50 жас аралығындағы еуропалық сырт келбеттегі белгісіз ер адам мен әйел неке жүзігін сатып аламыз деп сатушының сеніміне кірген. Әйел бұйымды тағып көріп жатқанда ер адам сауда орнынан шығып кеткен. Көп ұзамай әйел де белгісіз бағытта кетіп қалды.
- Кейін дүкен қызметкерлері құны 200 000 теңгеден асатын алтын жүзіктің сырттай түпнұсқаға ұқсас бижутерияға алмастырылғанын анықтаған. Бұл бейнебақылау камераларындағы жазбаларды қарау барысында расталды. Онда әшекейдің ауыстырылған сәті анық көрінеді, - делінген ресми ақпаратта.
Аталған факті бойынша қалалық полиция басқармасының қызметкерлері сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. Қазір қылмысқа қатысы бар тұлғаларды анықтау мен ұстауға бағытталған жедел іздестіру шаралары жүргізілуде.
Пікірлер