A+ A A-

talgatzhan 0 Бүгін, 11:10 0

ШҚО-дағы колледждерде жаңа мамандықтар ашылды

Бүгін / ШҚО

Бұл туралы облыстық әкімдік отырысында ШҚО Білім басқармасының басшысы Қуат Оқасов мәлім етті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 

Оның айтуынша, мамандар даярлау барысында өңірдегі еңбек нарығының нақты қажеттіліктеріне басымдық берілуде.
- Жұмысшы мамандықтар жылы аясында облыс колледждерінде еңбек нарығында сұранысқа ие жаңа бағыттар іске қосылды. Атап айтқанда, жаңартылатын энергетика, қашықтан басқарылатын авиациялық жүйелер, әуе тасымалдарын ұйымдастыру, логистика, су көлігін пайдалану сынды мамандықтар ашылды. Аталған мамандықтар бойынша 277 студент қабылданды. Сонымен қатар биыл колледждерде «Серпін» жобасы қайта жанданды. Соның аясында еңбек күші артық өңірлерден 100 студент оқуға қабылданды. Бұл өзге облыстардағы дарынды жастарға Шығыс Қазақстанда білім алуға мүмкіндік береді, – деді Қуат Оқасов.
Сонымен қатар оқу орындарында инновациялық жобаларды жүзеге асыру жұмыстары белсенді жүргізілуде. 
- Қазір төрт колледж базасында мектеп оқушыларының бір мезгілде мектеп пен колледжде білім алып, екі бірдей құжат — аттестат пен диплом алуына мүмкіндік беретін эксперименттік жоба табысты іске асырылып жатыр. Былтыр желтоқсанда алғашқы 48 бала оқуын аяқтаса, 2025 жылдың соңына дейін тағы 75 оқушы құжат алады, - деді басқарма басшысы. 
Бұдан бөлек, биыл колледж түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткіші 86,8 пайызды құрады.
– Келесі жылы бұл көрсеткішті 90 пайыздан асыру қажет. Осы бағытта ШҚО Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасымен бірлесіп нақты ұсыныстар әзірлеңіздер, – деді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Айта кетейік қазір өңір экономикасы үшін кадр даярлаумен 37 колледж айналысады. Онда 20 273 студент білім алуда, оның 17 мыңнан астамы мемлекеттік тапсырыс негізінде оқып жатыр.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив