Өңірде колледждер мен кәсіпорындар арасындағы әріптестік қарқынды дамып келеді. Бұл өз кезегінде еңбек нарығына қажетті мамандарды даярлау сапасын арттыруға мүмкіндік беруде, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Қазір облыста 5 мыңнан астам студент 448 кәсіпорын базасында дуалды оқыту жүйесі бойынша білім алуда. Облыстық білім басқармасының басшысы Қуат Оқасовтың айтуынша, кадрларды мақсатты даярлау мәселесіне ерекше назар аударылып отыр.
- Соңғы төрт жыл ішінде 155 кәсіпорын, оның ішінде «Казцинк», «Согра жылу электр орталығы» және басқа да ірі өндіріс орындары мамандар даярлау үдерісіне белсенді қатысуда. Осы кезеңде мақсатты мемлекеттік тапсырыс аясында 3 555 орын бөлініп, 306 студент оқуын тәмамдады. Оның 301-і өңірдің жетекші кәсіпорындарына жұмысқа орналасты. Ал 2025 жылы 43 түлек «Өскемен Водоканал», «Казцинк», «Бақыршық» тау-кен кәсіпорны секілді мекемелерде жұмыс істеп жүр, - деді Қуат Оқасов.
Оның сөзінше, кәсіптік білім беруді дамыту стратегиясы аясында индустриялық секторға қажетті білікті кадрлар даярлау мақсатында «Казцинк» ЖШС мен 16 колледж арасында Альянс құрылып, Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
- Бұл бастама өндіріс талаптарына сай, практикаға бағытталған оқыту жүйесін дамытуға жол ашады. Бұдан бөлек, аймақта «Мамандығым – болашағым» жобасы іске асырылуда. Жобаның өңірлік кеңсесі Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ базасында орналасқан. Университет мамандары еңбек нарығының сұранысына сай мамандықтарды анықтап, облыстың жаңа мамандықтар Атласын әзірледі. Аталған құжат алдағы уақытта өңірде сұранысқа ие мамандарды даярлаудың негізгі бағытына айналмақ, - деді Қуат Оқасов.
Пікірлер