Өңірдің туризм саласында жеке инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Қазірдің өзінде бірнеше нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Облыс әкімдігінің отырысында белгілі болғандай, Алтай қаласында 600 млн теңгеге «Dostyk» қонақүй-мейрамхана кешенінің құрылысы толық аяқталды. Катонқарағай ауылында «Баян» қонақүйін қайта жаңғырту, Риддерде мейрамханасы бар қонақүй салу, Ridder Resort Hotel және Bearlog қонақүйлерін қайта жаңғырту, «Приморск» демалыс базасын кеңейту жобалары жүзеге асырылып жатыр.
- Катонқарағай ауданында TOR’RE ALTAY компаниясы тарапынан Wellness Resort салу бойынша инвестициялық жоба пысықталуда. Ал Pana Asia компаниясымен Өрнек ауылында туристік қалашық салу және Самар ауданындағы Бұқтырма су қоймасы жағалауында қонақүй тұрғызу жөнінде меморандумдарға қол қойылды, - деді ШҚО Туризм басқармасының басшысы Ержан Сембинов.
Осы саладағы кәсіпкерлерді қолдау мақсатында мемлекеттік қолдау шаралары да қарастырылған.
- Биыл тұрақты жұмыс істейтін комиссия туристік нысандарды салу, қайта жаңғырту кезінде жұмсалған шығынның 10 пайызын өтеу бойынша 402,3 млн теңгелік үш өтінімді мақұлдады. Туроператорлардың автобустарды сатып алу шығынының 25 пайызын өтеу бойынша 3,3 млн теңгелік тағы бір өтінім қолдау тапты. Кәсіпкерлер алдындағы міндеттемелерді келесі жылы орындау үшін басқарма тарапынан тиісті бюджеттік өтінім ұсынылды, – деді басқарма басшысы.
Пікірлер