Өңірде сертификатталмаған пиротехникалық бұйымдардың заңсыз сатылуына қарсы рейдтер жүргізілуде, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жалпы, Полиция департаменті мен ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері бірлесіп, 243 профилактикалық рейд өткізді. Нәтижесінде 60 бірлік контрафактілік өнім тәркіленіп, ҚР ӘҚБтК-нің 196-бабы бойынша 8 әкімшілік хаттама толтырылды. Мамандар мәліметінше, контейнерлерден тыс, тиісті лицензиясы мен рұқсаты жоқ адамдардың ашық сөрелерден, автокөліктерден, шатырлардан, қолдан немесе өткелдерде пиротехникалық бұйымдарды сатуына қатаң тыйым салынған.
ШҚО ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Нұржан Өміржановтың айтуынша, пиротехникалық бұйымдарды бөлшек саудада сату тек арнайы талаптарға сай жабдықталған дүкендерде, павильондар мен киоскілерде жүзеге асырылуы тиіс.
– Сату орындары өнімнің қауіпсіз сақталуын қамтамасыз етіп, тікелей күн сәулесі мен атмосфералық жауын-шашыннан қорғалуы қажет. Сонымен қатар, ғимараттардың орналасуы төтенше жағдай кезінде адамдарды эвакуациялауға кедергі келтірмей, алғашқы өрт сөндіру құралдарымен жабдықталуы тиіс, – деді ол.
Айта кетейік, құзырлы органдар тұрғындарды заңсыз сауда орындарынан пиротехникалық бұйымдарды сатып алмауға және қауіпсіздік талаптарын сақтауға үндейді.
Пікірлер