Мемлекет басшысы сапасыз материалдарды пайдалану, құрылысқа қатысты ережелерді және қауіпсіздік талаптарын сақтамау — нағыз қылмыс екенін айтты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
- Тұрғын үйлер сапалы салынуы қажет. Астана — құрылыс қарқыны бойынша елімізде көш бастап тұр. Жыл басынан бері қалада 5 миллион шаршы метр үй салынған. Бұл — бүкіл елде қолданысқа берілген тұрғын үйлердің төрттен бірі деген сөз. Әрине, жақсы көрсеткіш. Бірақ санды көбейтеміз деп, сапаны ұмытып кететіндер бар. Мысалы, таяуда тұрғын үйдің сыртқы қаптамасы опырылып түсті. Тағы бір үйде лифт құлады. Екі жағдай да қайғылы оқиғаға әкеп соқтырды. Сапасыз материалдарды пайдалану, құрылысқа қатысты ережелерді және қауіпсіздік талаптарын сақтамау — нағыз қылмыс. Мұны ашық айтуымыз керек. Бұған мүлдем жол беруге болмайды, - деді Президент.
Үкімет құрылыстың барлық кезеңін, яғни жобалаудан бастап дайын үйді тапсыруға дейінгі үдерісті толық цифрландыруға тиіс. Сол арқылы бұл салада тәртіп орнатып, жұмыстың сапасын қамтамасыз етуі қажет.
- Аймақ әкімдері елді мекендердің цифрлық көшірмесін жасап, барлық нысанның жай-күйін үнемі бақылауда ұстауы керек. Құрылыс компанияларының жауапкершілігін күшейту қажет. Үй салып жатқан компаниялар мен мердігерлер туралы және сараптама нәтижелері жайлы ақпарат ашық әрі қолжетімді болуға тиіс, - деді ол.
Мемлекет басшысы өндірістегі қауіпсіздікті күшейту үшін нақты шаралар қабылдауды тапсырды
- Тағы бір мәселе: елордада жұмыста жүріп жарақат алу деректері көбейіп барады. Жыл басынан бері қаладағы өндіріс орындарында 32 адам зардап шегіп, 12 адам қаза тапқан. Әкімдік Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, өндірістегі қауіпсіздікті күшейту үшін нақты шаралар қабылдауға тиіс. Жұмыс орнында болуы мүмкін қауіп-қатерлерді саралап, оқыс оқиғалардың алдын алу қажет. Әр қайғылы оқиғаның себеп-салдарын мұқият зерделеп, тиісті қорытынды жасаған жөн, - деді Президент.
Пікірлер