
Бас жүлде Глубокоеға бұйырды: ШҚО-да «Аяз ата, Ақшақар – 2025» фестивалі өтті
Жаңа жыл қарсаңында өңірде игі дәстүрге айналған «Аяз Ата, Ақшақар» фестивалі үшінші мәрте ұйымдастырылды. Іс-шараның басты мақсаты – отбасылық құндылықтарды нығайту, Жаңа жыл қарсаңында көтеріңкі көңіл-күй сыйлау. Фестивалға көрші мемлекеттер мен елдің түкпір-түкпірінен 120-дан астам Аяз ата мен Ақшақар келді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Шығыс брендіне айналған шара
«Аяз Ата – Ақшақар 2025» халықаралық фестиваліне биыл барлығы 150 адам қатысты. Көршілес Өзбекстан елі мен Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарынан арнайы меймандар келді. Іс-шараға Алтай, Глубокое, Күршім, Марқакөл, Самар, Үлкен Нарын, Катонқарағай, Зайсан, Тарбағатай, Шемонаиха, Ұлан аудандарының өкілдері қатысты.
19 желтоқсанда Риддерде «Аяз Ата – Ақшақар 2025» фестивалі салтанатты түрде ашылды. Республика алаңында қала тұрғындары мен қонақтары үшін мерекелік бағдарлама ұсынылды. Аяз Ата мен Ақшақар, түрлі кейіптегі аниматорлар кішкентай бүлдіршіндерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Мерекелік іс-шарада кейіпкерлер әсерлі қойылымдары ұсынды. Әр өңірден келген қатысушалар сахна төрінде театрландырылған көрініс қойып, шығармашылық ізденістері мен мерекелік образдарын паш етті. Жетісу облысынан келген Аяз Ата Абай Нұғымановтың айтуынша, фестиваль барлығына ерекше көңіл-күй сыйлауда.
– Біз Жетісу облысынан келдік. Фестивальге биыл алғаш рет қатысып отырмын. Жыл сайын ұйымдастырылатыны ерекше қуантады. Мұндай бастамалар туризмнің дамуына серпін береді деп ойлаймын. Тек шығыста емес, елдің өзге өңірлерінде де өтсе екен. Ал Шығыс Қазақстанның табиғаты өзіме ерекше әсер қалдырды, жол бойы тамсанып келдік. Баршаңызды келе жатқан Жаңа жылмен құттықтаймын! – деді Абай Нұғыманов.
Бұдан бөлек, орталық алаңда ұлттық нақышта безендірілген үш киіз үй қатар бой көтеріп, қонақтарға дәмді бауырсақ пен ыстық шай таратылды.
Кейін Аяз Ата мен Ақшақардың салтанатты шеруі өтіп, қаланың басты шыршасы жағылды. Осы ретте Риддер қаласының әкімі Думан Рахметқалиев жиналғандарды алда келе жатқан мерекемен құттықтап, сөз алды.
– «Аяз Ата – Ақшақар 2025» халықаралық фестивалі Риддер үшін маңызды әрі дәстүрлі бастамаға айналды. Қала тұрғындарына ерекше көңіл-күй сыйлап, мерекелік атмосфераны қалыптастырады. Баршаңызды келе жатқан Жаңа жылмен құттықтаймын! – деді шаһар басшысы.
Шырша шамдары жағылған соң би кеші ұйымдастырылды.
Аяз атаның резиденциясы ашылды
Фестиваль бағдарламасы бойынша келесі күні қатысушылар «Алтай Альпісі» туристік кешеніне барды. Онда қысқы демалысқа арналған алаңдар жасақталып, тау шаңғысымен сырғанау ұйымдастырылды.
Ал кешке Өскемендегі Сол жағалау кешенінде Аяз Ата резиденциясының салтанатты түрде ашылды. Мерекелік кеш Аяз Ата мен Ақшақардың құттықтау сөздерімен басталды.
Іс-шараға облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысып, фестивальға қатысқан барлық Аяз Ата мен Ақшақарға Алғыс хаттар табыстап, үздік атанғандарды марапаттады. Өңір басшысы оларға халық дәстүрлерін жаңғыртып, ұлттық құндылықтарды дәріптегені үшін ризашылығын білдірді. Нәтижесінде, Глубокое ауданынан келген Аяз Ата мен Ақшақар жеңіске лайық деп танылып, Бас жүлдеге ие болды. Шемонаиха ауданы «Ауданның үздік таныстырылымы», Риддер қаласы «Үздік интерактив» аталымдарын иеленді.
Марапаттау рәсімінен кейін облыс әкімі Аяз Ата резиденциясын аралап, Жетісу мен Ұлытау облысынан келген Аяз Ата мен Ақшақармен кездесті. Әңгіме барысында алдағы жоспарлар талқыланды.
– Келер жылы Еуропа елдерінен әріптестеріңізді шақыруды көздеп отырмыз. Сондықтан дайын болыңыздар. Шаңғы тебуден жарысып, өнерлеріңізді ұсынасыздар. Барлығымыз бірігіп, жоғары деңгейімізді көрсетейік, – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Резиденцияға жиналғандар қала тұрғындары мен қонақтары мерекелік алаңды аралап, концертке куә болды. Сондай-ақ интерактивті бағдарламалар мен фотосессия ұйымдастырылды. Далада от жағылып, қонақтарға самауырдан шай ұсынылып, музыка қосылды.
Енді бұл жерде бүлдіршіндер мен олардың ата-аналары Аяз Атаға хат жазып, естелікке суретке түсіп, нағыз мерекелік көңіл күйді сезіне алады.
Бұдан соң Республика алаңында дәстүрлі түрде бас шыршаның шамдары жағылды. Мерекелік шара Аяз Аталар мен Ақшақарлардың салтанатты шеруімен басталды.
Осы кезде Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышов балақайлармен бірге бас шыршаның шамын жағып, жаңажылдық әшекейлер жарқырай түсті.
Бұдан соң Аяз Ата мен Ақшақар қала тұрғындарымен ән айтып, би билеп, оларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Мерекелік концерттік бағдарлама да көпшілік көңілінен шықты.
Қымбат МУХАМАДИЕВА
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
{calendar}
Пікірлер