A+ A A-

talgatzhan 31 Бүгін, 10:30 0

Мәдени күндердің маңызы артып келеді: «Туған жер – алтын бесігім» облыстық жобасы қорытындыланды

Бүгін / ШҚО / Руханият

Өткен жұмада Шығыс Қазақстан облыстық филармониясында «Туған жер – алтын бесігім» облыстық жобасы аясында қала мен аудан өнерпаздарының қорытынды гала-концерті өтті. Үш айға созылған ауқымды жоба өңірдің мәдени-рухани әлеуетін айшықтап, әр ауданның тарихы мен болмысын, өнерлі жұлдыздары мен дарынды жастарын бір сахнада тоғыстырды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Әр аудан үздіктерін әкелді

Жобаға облыстың 11 ауданы мен 1 қаласы қатысып, көрерменге халқымыздың бай мәдени мұрасын, ұлттық өнердің сан қырын паш етті. Әр аптаның жұмасында өткен концерттер өнерсүйер қауымның асыға күтетін рухани мерекесіне айналды. Биылғы негізгі тақырып ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналды. Әр аудан ақын жайлы көрініс қойып, өлеңдерінен сыр шертті.

19 желтоқсанда өткен қорытынды гала-концертте облыстық филармонияның үлкен залы лық толып, ине шаншар орын қалмады. Өңірдің түкпір-түкпірінен жиналған көрермендер сахнаға шығатын өнерпаздарды зор ықыласпен қарсы алып, әрбір нөмірді ыстық қолдаумен қолпаштап отырды.

Гала-концерт барысында әр қала мен аудан бір-бір шығармашылық нөмірден ұсынып, ән мен би, ұлттық нақыштағы көркем қойылымдар көрерменге ерекше әсер сыйлады. Әуелете ән салған әншілер мен мың бұрала билеген бишілер залды дүр сілкіндіріп, көпшілік қошеметіне бөленді. Көрермендер де жобаға жоғары баға беріп, өз әсерлерімен бөлісті.

– Өзім зейнеткермін. Үйде бос отыруды жөн көрмей, әр аптада осы «Туған жер – алтын бесігім» жобасының барлық концертін тамашаладым. Әр аудан өзіндік қырымен ерекше. Бірақ Ұлан ауданының тумасы болған соң ба, бүйрегім сол жаққа бұрып тұр. Барлығына сәттілік тілеймін, – деді қала тұрғыны Сәуле Жақаева.

Облыстық филармония директорының орынбасары Дәурен Әбенов жобаның маңызы жыл сайын артып келе жатқанын атап өтті.

– «Туған жер – алтын бесігім» облыстық жобасы биыл үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Әр аудан өздерінің мықты өнерпаздарын облыстың үлкен сахнасына алып келіп, өнерлерін паш етеді. Соның нәтижесінде қатысушылардың кәсіби деңгейі де айтарлықтай өсіп, өздерін жоғары дәрежеде көрсете білді, – деді ол.

Гала концертке әр ауданнан мықты деп саналған 1-2 нөмір алынды.

– Бұл жоба өнер адамдары үшін ашылған ақ жол болды. Әр аудан өздерінің мықтыларын әкелді. «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» демекші, шын мықты осындай додада анықталады. Біздің аудан атынан гала-концертте 80 адамнан құралған хор өнер көрсетті, – деді ол.

 

«Қазақ көршісі озса да, қуанатын халық»

Марқакөл ауданының тумасы Нәзира Серікбек те жобаның мазмұны мен деңгейіне жоғары баға берді.

– Бүкіл аудан концертін қалт жібермей тамашаладым. Әсіресе, Күршім мен Марқакөл аудандарының өнері ұнады. Тақырыпты терең аша білді. Кім жеңсе де, кіл мықты жеңсін деймін. Бұл жоба руханиятты асқақтатып, ұлттық құндылықтарды дәріптеген маңызды сайыс болды. Ұйымдастырушыларға алғыс айтамын, – деді ол.

Концертте аудан өнерпаздары барын салды. 1 сағатқа созылған концерт те өз мәресіне жетті. Марапаттау рәсімін облыс басшысы Нұрымбет Сақтағанов өткізді.

– Шығысымыздың төрінде сән-салтанаты жарасқан керемет кеш өтті. Соңғы үш ай бойы әр аптаның жұмасында өнерсүйер қауым осы концерт залына асыға келіп жүрді. Рухани, мәдени демалыс сыйлап, халықтың шөліркеп қалған көңілін сусындатқан барлық өнерпазға алғыс білдіремін. Әр аптаның сенбі күндері жәрмеңке ұйымдастырылды. Оны өткізген – жыл он екі ай малдың соңында жүрген, ерте көктемнен егін жинағанға дейін демалыс дегенді білмей еңбек ететін ауыл шаруашылығы қызметкерлері. Олар өздерінің сапалы өнімдерін облыс орталығы тұрғындарына төмен бағамен ұсынып, елге үлкен қолдау көрсетті. Сол еңбектері үшін басымызды иіп, шын жүректен алғыс айтамын. Біз балаларымызды телефон мен әлеуметтік желінің соңынан ертіп қоймай, өнер арқылы тәрбиелеуіміз керек. Бұл жоба – соның нақты дәлелі. Мұнда барлығы жеңімпаз. Біреу бірінші, біреу екінші орын алуы мүмкін, бірақ бұл жобада жеңілген ешкім жоқ. Қазақ баласы көршісі озып жатса, соған да қуана білетін халық. Сондықтан бүгін сахнаға шыққан барлық өнерпаз жеңіске лайық, – деді өңір басшысы.

 

Бас жүлде кімге бұйырды?

Жоба қорытындысы бойынша үздік үштікке енгендерден бөлек, барлық ауданға жекелей номинациялар тағайындалып, әрқайсысына 300 000 теңгеден сыйақы берілді.

Сайыс нәтижесінде:

Бас жүлде Күршім ауданына бұйырып, 15 миллион теңге иеленді;

І орын Тарбағатай ауданына беріліп, 10 миллион теңге табысталды;

ІІ орын Ұлан ауданына тиесілі болып, 7 миллион теңге алды;

ІІІ орын Марқакөл ауданына бұйырып, 5 миллион теңге жүлде қоржынын толықтырды.

Гала концертте Бас жүлде иегері Күршім ауданының «Қансонар» музыкалық-театралдық композициясы, Марқакөл ауданының «Ақтолқын» хореографиялық ансамблі орындауындағы «Қара жорға» биі, Тарбағатай ауданынан келген «Ақжар халықтық ұлт аспаптар оркестрі» орындаған қырғыздың күйі «Машботой» және «Барабан шоуы» көпшілік қошеметіне бөленді.

– Бүгінгі жетістігіміз – айлар бойғы, тіпті жылдар бойғы еңбектің нәтижесі. Біз “Қансонар” музыкалық-театралдық композициясын алып келдік. Бұл Абай атамыздың өлеңі негізінде жасалған, бұрын-соңды болмаған тұңғыш жұмыс. Хореографтарымыздың, режиссерлеріміздің, көркемөнерпаздарымыздың еңбегі зор. Осындай жобада өнер көрсету біз үшін үлкен мәртебе, – деді Күршім аудандық мәдениет үйінің режиссері Айым Төлеуғазина.

Жеңімпаз Күршім ауданының Мәдениет және Тілдерді дамыту бөлімінің басшысымен байланысқа шыққан едік.

– Жобаға аудан атынан 120 өнерпаз қатысты. екі ай көлемінде дайындалдық. Бұл шара өте керемет жобалардың бірі. Әсіресе, ауыл мәдениетін дамытуда, халық арасындағы өнерлі жандарды танытуда өте маңызды рөл атқарады деп ойлаймын. Біздің өнерпаздарымыздың бірі – Айболат Нуриұлы ештеңеге қарамастан, өнері мен спортын тастамаған батыл адам. Ақсуат ауылының Мәдениет үйінде қызмет атқарады. Облыстық шаралардың біреуінен қалмай, қатысып, барын салады. Сондай өнерінен бөлек, азаматтығы бір төбе жандарды қолдауымыз керек, – деді бөлім басшысы Сымбат Амангелдіұлы.

 

Әдемі АМАНГЕЛДІ

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив