A+ A A-

talgatzhan 30 Кеше, 13:05 0

2026 жылы зейнетақы мен жәрдемақы қаншалықты артады

Бүгін / Республика

Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті департаментінің басшысы Дәмежан Сәдуақасова 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы төлемдері мен жәрдемақылардың қаншалықты артатынын түсіндірді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.

«2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға сәйкес, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап:

· Айлық есептік көрсеткіш (АЕК) — 4 325 теңге мөлшерінде;

· Ең төменгі зейнетақы — 69 049 теңге;

· Ең төменгі күнкөріс деңгейі (ЕТКД) — 50 851 теңге;

· Базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері — 35 596 теңге;

· Жалақының ең төмен мөлшерi — 85 000 теңге болады.

Келер жылдан бастап, жасы және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдері алынатын мөлшерден 10%-ға артады. Ал жасына байланысты жаңадан тағайындалған зейнетақы мөлшерін есептеу үшін ескерілетін ең жоғары табыс 55 АЕК (237 875 теңге).

— Мемлекеттік базалық зейнетақы мөлшері Әлеуметтік кодекстің 205-бабына сәйкес, ең төменгі күнкөріс деңгейінің (50 851 теңге) жаңа мөлшеріне пайыздық қатынаста белгіленеді. Мәселен, зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жыл және одан аз болса, тиісті қаржы республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70% мөлшерінде болмақ. Зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жылдан артық әрбір толық жыл үшін — оның мөлшері 2 пайызға артады, бірақ ең төменгі күнкөріс деңгейі шамасының 118% аспайтын мөлшерде беріледі. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап, максималды базалық зейнетақы 60 005 тенге (118%) болады, — деді Дәмежан Сәдуақасова Астана коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Мүгедектігіне және асыраушысынан айрылу жағдайына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар, оның ішінде медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұратын және түзеу мекемелерінде орналасқан адамдар үшін 2026 жылғы 1 қаңтарда ең төменгі күнкөріс деңгейінің ұлғаюына байланысты (50 851 теңге) артады. Мысалы жалпы ауру бойынша 1 топтағы мүгедектік бойынша жәрдемақы — 111 873 теңгені, 2 топ — 89 498 теңге, 3 топ — 61 022 теңге.

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдер мөлшері 1 қаңтардан бастап 10% артады.

Арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы мөлшері де 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ЕТКД мөлшерінің ұлғаюына байланысты (50 851 теңге) көтеріледі,

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап, АЕК мөлшерінің артуына байланысты мына жәдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің мөлшері артады:

· № 1 және № 2 тізімдер бойынша мемлекеттік арнайы жәрдемақылар, жерлеуге біржолғы төлем;

· бала тууға байланысты біржолғы мемлекеттік жәрдемақы;

· ай сайынғы бала 1,5 жасқа толғанша берілетін мемлекеттік жәрдемақы;

· ай сайынғы бала 1,5 жасқа толғанша, кірісінен айырылу жағдайы бойынша МӘСҚ-тан әлеуметтік төлемдер;

· бірге тұратын 4 және одан көп кәмелетке толмаған баласы, оның ішінде 18 жасқа толғаннан кейін білім беру ұйымдарында оқитын балалары бар көпбалалы отбасыларға берілетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы;

· «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналарға ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы;

· Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардан зардап шеккен азаматтарға, жаппай саяси қуғын-сүргiндер құрбандарына және жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарының балаларына тағайындалған, бірақ төленбеген бірреттік ақшалай өтемақы.

Сонымен бірге, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап, ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінің артуына байланысты мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған анаға немесе әкеге, бала асырап алушыға, қорғаншыға (қамқоршыға) төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы және І топ мүгедектігі бар адамға күтім жасайтын адамға мемлекеттік жәрдемақы мөлшері көтеріледі.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив