Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев Сенатта өткен брифингте медицина қызметкерлеріне жасалған шабуылдар бойынша статистикамен бөлісті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.
Айтуынша, мұндай оқиғалардың арасында тіпті адам өлімімен аяқталған жағдай да болған.
- Естеріңізде болса, Алматыда жұмыстан шығып келе жатқан дәрігерді атып кеткен. Биыл да түрлі оқиғалар тіркелді: 25 дәрігерге, 33 орта буын медицина қызметкеріне, жедел жәрдемнің 9 жүргізушісіне шабуыл жасалды. Мұндай жағымсыз үрдіс бар, – деді вице-министр.
Вице-министрдің пайымдауынша, соңғы бірнеше жылда шабуылдар саны айтарлықтай артқан.
- 2019 жылдан бері медицина қызметкерлеріне барлығы 280 шабуыл жасалды. Өкінішке қарай, бұл көрсеткіш жыл сайын өсіп келеді. Мысалы, 2019–2020 жылдары жылына 5–10 ғана жағдай тіркелсе, соңғы 2–3 жылда бұл сан 70-ке дейін, тіпті одан да асып кетті, – деді Тимур Сұлтанғазиев.
Еске салайық, бұған дейін Сенатта медицина қызметкерлері мен жедел жәрдем көлігінің жүргізушілерін кәсіби міндетін атқару кезінде қорғауды күшейтуге бағытталған Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерге енгізілген түзетулер қабылданды.
Пікірлер