Бүгін Шығыс Қазақстан облыстық филармониясында көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға арналған жаңажылдық шырша ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Мерекелік іс-шараға 150 бала қатысты. Олар түрлі ертегі кейіпкерлерінің костюмдерін киіп, ерекше дайындықпен келген.
Оқушылар үшін арнайы концерттік бағдарлама, театрландырылған қойылым ұйымдастырылды. Барлығы шыршаны айнала ән айтып, би биледі.
Өскемен қаласы әкімінің кеңесшісі Болатбек Мамарбаев сөз алып, балаларға ізгі тілегін білдірді.
– Құрметті жас достар, баршаңызды алда келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын! Шаһар басшысы Алмат Ақышовтың атынан бар жақсылықты тілеймін. Жаңа жыл тек жақсылық әкелсін. Жүздеріңізден күлкі кетпей, бақытты сәттеріңіз көп болсын. Сіздердің басты мақсаттарыңыз – сапалы білім алып, спортпен айналысып, салауатты өмір салтын ұстану. Ал біз, ересектер, сіздерге қамқор болып, барлық қажетті жағдайды жасаймыз, – деді Болатбек Мамарбаев.
Жаңажылдық шыршаға қатысқан әр балаға спорт дүкеніне арналған 50 000 теңгелік сертификат сыйға тартылды.
Айта кетейік, бүгін қала әкімінің жаңажылдық шыршасына барлығы 450 бала қатысады деп жоспарлануда. Алғашқысы әлгінде аяқталды, қалғандары сағат 12:00 мен 15:00-ге бекітілген.
Қымбат МУХАМАДИЕВА
Пікірлер