Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті мамандары Жаңа жыл мерекелері қарсаңында тұрғындарды өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Мамандардың айтуынша, дәл осы мерекелік кезеңде өрт оқиғаларының саны арта түседі. Өрттің негізгі себептерінің бірі – электр құралдарын қауіпсіздік талаптарын сақтамай пайдалану. Әсіресе, бірнеше тұрмыстық техниканы, гирляндаларды бір мезетте ұзартқыш пен желілік сүзгіге қосу өрт қаупін күшейтеді. Сонымен қатар, плита үстінде ұмыт қалған тағам салдарынан бөлме түтіндеп, кей жағдайда бір пәтерді ғана емес, тұтас подъезді ыс алатын жағдайлар да тіркеліп жатады.
Сондай-ақ пештерді талапқа сай пайдаланбау, отты және пиротехникалық бұйымдарды абайсыз қолдану да өрттің жиі шығуына себеп болып отыр. Ұялы телефондарды қуаттағыш құрылғыларды ұзақ уақыт бойы тоқ көзінде қалдырудың өзі қауіпті екені ескертіледі.
Осыған байланысты өңірдегі ТЖД мамандары тұрғындарға Жаңа жыл мерекесін көңілді әрі қауіпсіз өткізу үшін бірқатар қарапайым, бірақ маңызды кеңес айтты. Атап айтқанда, мереке алдында үйдегі электр сымдарының жарамдылығын тексеру, тұрғын үй ішінде пиротехниканы қолданбау қажет. Жаңажылдық шыршаны нағыз шамдармен, мақтадан жасалған немесе тез тұтанатын әшекейлермен безендіруден бас тартқан жөн.
Бұдан бөлек, үйден шыққанда немесе түнгі уақытта гирляндаларды қосулы қалдырмау маңызды.
Пікірлер