Қалалық мәслихаттың кезекті сессиясында 2026 жылға арналған бюджет бекітіліп, бірқатар жаңа нормативтік-құқықтық акті қабылданды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Қала тұрғындарына көрсетілетін тұрғын үй көмегін беру қағидаларына түзетулер енгізілді.
Мәселен, әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды қолдау және мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында коммуналдық қызметтерді төлеуге берілетін тұрғын үй көмегінің есептеу тәртібі ұлғайтылып, құжаттарды қарау мерзімі сегіз жұмыс күнінен алты жұмыс күніне қысқартылды.
Еске сала кетейік, бұл мемлекеттік қолдау түрі коммуналдық қызметтер мен тұрғын үйді ұстауға жұмсалатын шығындары жергілікті мәслихат белгілеген шекті мөлшерден асатын азаматтарға көрсетіледі.
Өскеменде бұл шекті үлес отбасының жиынтық табысының 7%-ын құрайды. Келесі жылға арналған бюджетте жәрдемақыны арттыруға қажетті қаражат қарастырылған.
Жиында тұрғын үй жағдайын жақсартуға арналған тұрғын үй сертификаттарын беру туралы шешім жобасы да қаралды.
- Тұрғын үй сертификатының бірыңғай мөлшері 1 500 000 теңге болып белгіленді. Бұл ипотека бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабуға мүмкіндік береді және әлеуметтік осал топтар үшін елеулі қолдау болмақ, - деді қалалық мәслихаттың төрағасы Александр Светаш.
Келер жылы қалалық бюджеттен бұл мақсатқа 75 млн теңге бөлінеді. Ал облыстық бюджеттен бөлінетін трансферттерді қоса алғанда атаулы әлеуметтік көмек пен мемлекеттік әлеуметтік пакетке барлығы 175,7 млн теңге қарастырылған.
Жалпы алғанда шаһарда жұмыспен қамту және әлеуметтік қызметтер саласына 3,8 млрд теңге бағытталады. Бұл көрсеткіш 2025 жылмен салыстырғанда бір жарым есеге өсіп отыр.
Пікірлер