Өскемендегі Республика алаңында өтіп жатқан музыкалық-театрландырылған бағдарлама барысында қалалықтар үшін блиц-сауалнама да ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Кешкі сағат 20:00 шамасында әлдебір қызықты жайт тамашалаймыз дегендер орталық алаңға қарай ағыла бастады. Әуелде ересектер қарасы мол көрінгендей еді, бір сағат айналасында жастар жиналды. Бұл уақытта музыка жаңғырығы төңіректі түгел алып, тұрғындарды бірінен соң бірі тарта түсті. Қызығы сол, концерттік шара бір мезетте шаһардың алты жерінде жалғасып жатты. Соның ең ауқымдысы Республика алаңында тиегін ағытты. Өңірге, елге белгілі әншілер, квартет, квинтет те осында барын салды.
- Jas Energy ток шоуы енді қарқын алып келеді. Бүгін жастар айрықша көп жиналыпты. Біз де олар үшін бәрін қызықты қылмақпыз, - деді ұйымдастырушылар.
Олар концерттік нөмірлер бөгеуін ағытпай тұрып, өскемендіктер үшін блиц-сауалнама өткізді. Жанайым есімді бұрымдыға “Жылқы жылында жылқы етін жеуге бола ма?” деген сұрақ қойылды.
- Қазақ болған соң жейміз де енді. Не істейміз? Ат жүрісін баяулатып, шауып шаршаған кезде жейміз. Солай демалтып алуға болады, - деді ол қалжыңдай жауап беріп.
Келесі сұрақтар мынадай: Жанайымға 2026 жылы ресми түрде демалыс берілсе, неше күн тынығады? Онымен қоса, 2025 жылы бастан өткерген қызықты оқиғасы қандай?
- Менің ойымша, бір ай жетеді. Ал есте қалған сәт деп, ағам үйленгенін айтуға болады. Енді бір ағам үйленсе, тіпті жақсы болады. Ал Өскемен халқына бақыт, бірлік, бейбітшілік тілеймін, - деді Жанайым.
Сағат 22:00 шамасында алаңдағы жастар қатары тіптен молайды. Бәрі сахнаға көз тігіп, танымал өнерпаздар шығуын асыға күтті. Санаулы секундтан соң “Шабыт” квинтеті сахнаға беттеді. Әрі қарай Мирас Ерболов, Жігер Ауыпбаев сияқты әншілер қонақтарды қуантты. Олармен қоса, беттерін тұмшалаған жедел әрекет ету арнайы жасағы өкілдері де тәртіп күзетіне асыға басып келе жатты. Сәлден соң ”Жігіттер” квартеті, “Іңкәр” тобы, Елдар Уадинов мерекені қыздырды.
Өз тілшіміз
Пікірлер