Жарық тарифінің жалпы көрсеткіші тарифтің өсуімен емес, қосылған құн салығының (ҚҚС) өзгеруімен байланысты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Анықталғандай, 1-ші қаңтардан бастап Қазақстан Республикасы Салық кодексінің нормалары бойынша ҚҚС мөлшері 12%-дан 16%-ға көтерілді. Бұл барлық тауар мен қызметтер құнына әсер етті. «ОЭСК» АҚ сайтында Шығыс Қазақстан облысы тұрғындары үшін электр энергиясына жаңа төлем мөлшерлері жарияланды. Онда былай делінген:
– 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасы салық заңнамасына енгізілген өзгерістерге байланысты ҚҚС ставкасы (16 пайыз) қолданылады, сондықтан тұтынушылар үшін электр энергиясының бағасы түзетілді, – делінген ақпаратта.
Аталған ақпармен мекеменің баспасөз қызметіндегілер бөлісті. Айтуларынша, тариф бағасы өзгермейді.
– Тариф өз деңгейінде қалды, ол 2025 жылғы 1 қазаннан бері қолданыста. Барлық өзгерістер біздің сайттағы кестеде көрініс тапқан. Олар тек «1 киловатт/сағатқа тариф ҚҚС ескеріліп» бағанында көрсетілген. Біз үшін де бұл жағымсыз, себебі біз де адамдармыз және жарық үшін төлейміз. Бірақ бұл мемлекет саясаты, одан біз тәуелсіз емеспіз, – деді мамандар.
ҚҚС өзгерістерін ескере отырып, жаңа жылдан бастап дифференцияланған тарифтер келесідей болады. Газ плитасы бар тұрмыстық тұтынушылар үшін бірінші деңгейлі киловаттқа (85 кВт дейін) — 17,448 теңге, екінші деңгейлі (85–165 кВт) — 24,286 теңге, үшінші деңгей үшін (165 кВт-тан жоғары) — 30,357 теңге.
Жалғыз тұратын зейнеткерлер, Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері, сондай-ақ оларға теңестірілген тұлғалар үшін сараланған тарифтер газ және электр плитасы бар әдеттегі тұтынушылармен бірдей белгіленген. Айырмашылық тек бірінші деңгейде — бұл топ 120 кВт тұтынуға құқылы.
Заңды тұлғалар мен бақшалық қоғамдарға арналған орташа тариф, сондай-ақ жалпы үй қажеттіліктеріне (көмекші жарық, лифттер, паркинг) арналған төлем ҚҚС мөлшерін ескере отырып 20,239 теңге/кВт дейін көтерілді.
Фото: Zakon.kz
Пікірлер