Кеше қайта жаңғыртудан өткен өрт сөндіру бөлімі пайдалануға берілді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Маңызды нысан шалғай әрі шекаралас аудандардағы қауіпсіздікті арттыруға бағытталған жүйелі жұмыс аясында жүзеге асырылды. Салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов пен ҚР Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов қатысты.
— Құрметті жерлестер, қадірменді қонақтар! Марқакөл ауданында қайта жаңғыртудан кейін ашылып отырған өрт сөндіру бөлімінің іске қосылуымен құттықтаймын. Мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі — адамдар қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың денсаулығы мен қоршаған ортаны қорғау, — деді Нұрымбет Сақтағанов.
Айта кетейік, бұрынғы өрт сөндіру бекетінің ғимараты әбден тозып, техникалық талаптарға сай келмеген. Ал жаңа нысан заманауи стандарттарға толық сәйкес келеді және жеке құрамның тәулік бойы тиімді жұмыс істеуіне қажетті барлық жағдаймен қамтамасыз етілген. Мұнда оқу және әлеуметтік-тұрмыстық бөлмелер, спорт залы, газ бен түтіннен қорғау бекеті, заманауи диспетчерлік жүйе, сондай-ақ кең жабдықтар қоймасы қарастырылған.
Өрт сөндіру депосының автопаркі аймақтың күрделі климаттық және таулы жағдайларына бейімделген сегіз заманауи өрт сөндіру және құтқару көлігімен жабдықталды.
Жаңа бөлімше шамамен 23 елдімекенге қызмет көрсетіп, тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Пікірлер