A+ A A-

talgatzhan 0 Кеше, 13:30 0

Өскеменде Рождество мерекесі тойланды

Бүгін / Өскемен

Бүгін Достық үйінде «Рождество – сүйікті мереке» атты мәдени шара өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Аталған шараға этномәдени бірлестіктер өкілдері, Достық үйінің шығармашылық ұжымдары мен қала тұрғындары қатысты. Мерекелік жиын достық пен өзара сыйластықты дәріптейтін мазмұнды бағдарламасымен ерекшеленді.
– Барша қала тұрғынын бүгінгі қасиетті мерекемен құттықтаймын! Бүгін Достық үйінің маңына жиналып, керемет концерттік бағдарлама ұсынып отырмыз. Бұл біз үшін аса қастерлі мереке. Концерт барысында ән мен биден бөлек, Рождествоға қатысты дәстүрлер мен ғұрыптар көрсетіледі. Сонымен қатар, қолөнер жәрмеңкесі де ұйымдастырылды. Елімізге тыныштық, жұртымызға амандық тілеймін, – деді облыстық Славян мәдениеті қоғамының төрағасы Александр Андреевич.
Мереке аясында «Ақ үкі» қоғамы мен этнографиялық музейдің сәндік-қолданбалы өнер көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Көрмеде түрлі әшекей бұйым, ыдыс-аяқтар мен қолөнер туындылары қойылды. Шеберлер еңбектері көрерменді шынайылығымен және нәзік талғамымен тәнті етті.
Сондай-ақ, фольклорлық және концерттік бағдарламалар ұйымдастырылып, қатысушылар Рождество мерекесінің тарихы мен маңызын айшықтайтын рухани әндер мен әуендер тыңдап, ұлттық билерді тамашалады.
– Сіздерді шын жүректен қасиетті Рождество мерекесімен құттықтаймын! Бұл – мейірімділік пен қайырымдылықтың, ізгілік пен адамгершілік мерекесі. Әрбір шаңыраққа береке-бірлік, амандық тілеймін, – деді Халифа Алтай мешітінің имамы Дәулет Тілеуханұлы.
Қала тұрғындары да мерекелік шарадан ерекше әсер алғандарын айтты.
– Мұндай шаралар адамдарды жақындастырып, бір-бірінің мәдениетін тереңірек тануға мүмкіндік береді. Бүгінгі концерт пен көрме өте жоғары деңгейде өтті, отбасымызбен келіп, көтеріңкі көңіл-күймен қайттық, – деді қала тұрғыны Наталья Иванова.
Айта кету керек, аталған шара қонақтарға мерекелік көңіл-күй сыйлап қана қоймай, түрлі этностардың мәдениеті мен рухани құндылықтарын танытуға жол ашты.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив