A+ A A-

talgatzhan 30 8-01-2026, 10:35 0

Өскеменде ер адам итті 5-ші қабаттан лақтырып жіберген

Бүгін / Өскемен

Жануарларға арналған «Досым» оңалту орталығы әлеуметтік желідегі парақшасында қатігездікпен жасалған оқиға туралы мәлім етті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Орталық мәліметінше, Новаторов көшесіндегі көпқабатты үйлердің бірінің 5-ші қабатында тұратын ер адам лабрадор тұқымдас күшікті терезеден лақтырып жіберген.

«Неге өйттіңіз?» деген сұрақтың жауабы қарапайым – күшік үй ішінде дәрет сындырыпты.

Кейін бұл әлеуметтік желіде таралды. Бейнежазбаға зер салсақ, көршілерінің бірімен сөзге келіп, ашуға ерік берген ер адамның қолында пышақ болды. Кадрда қорқытып, қоқан-лоқы жасап тұрғаны да көрінді. Ол жануарды өзі сатып алғанын және өзі өлтіргенін жасырмады.

Бұдан соң көршілері тәуекелге барып, күшікті жерден көтеріп, шұғыл түрде ветеринарлық емханаға жеткізген. Жануар жансақтау бөліміне апарылғанымен, ауыр жарақаттар салдарынан сол жерде өлді.

«Досым» орталығы өкілдерінің хабарлауынша, аталған ер адам бұған дейін де бірнеше иті болғанын айтып, оларды өлтіргенін жасырмаған.

– Ол иттерді тағам ретінде тұтынатынын айтып, еріктілер мен көршілерін пышақпен қорқытқан. Суық қарумен емін-еркін жүрді, – деп жазады жануарларды қорғаушылар.

Шығыс Қазақстан облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, жануарға қатыгездік көрсету дерегі бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 316-бабы 2-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Қазіргі уақытта болған оқиғаның мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде.

Жануар өліміне әкеп соққан қатыгездік (ҚР ҚК 316-бабының 2-бөлігі) үшін екі жүз айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу, не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не екі жүз сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тарту, не елу тәулікке дейін қамауға алу жазасы қарастырылған.

– Сондай-ақ белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан бір жылға дейін айыру жазасы тағайындалуы мүмкін немесе онсыз да қолданылуы ықтимал, – делінген ақпаратта.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив