A+ A A-

talgatzhan 30 8-01-2026, 10:40 0

ШҚО футболшыларын қолдау үшін 1,5 миллиард теңге жеткілікті ме?

Бүгін / ШҚО / Спорт

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы ел чемпионатының Премьер-лигасы мен Екінші лигасына қатысатын «Алтай Өскемен» клубының ерлер құрамаларын, сондай-ақ әйелдер командасын қолдауға арналған тендерді мемлекеттік сатып алу порталында жариялады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Легионер тартуға болмайды

Болашақ мердігердің міндетіне тек оқу-жаттығу барысы мен логистиканы ұйымдастыру ғана емес, сонымен қатар клуб стадионын Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) мен УЕФА-ның қатаң талаптарына сәйкестендіру де кіреді. Атап айтқанда, VAR жүйесін орнату, LED-экрандарды қою қарастырылған. Сондай-ақ бапкерлер штабы мен медициналық персоналдың біліктілігіне ерекше мән беріліп, олардың тиісті лицензиялары мен сертификаттары болуы талап етіледі. Бюджет қаражаты есебінен легионер футболшыларды тартуға қатаң тыйым салынған.

Техникалық сипаттамада спортшыларды міндетті сақтандыру, клуб қызметін медиалық тұрғыда жариялау, матчтардың мүмкіндігі шектеулі жандар мен спорт ардагерлері үшін қолжетімді болуын қамтамасыз ету талаптары да нақты көрсетілген. Айта кетерлігі, маусым қорытындысы бойынша қатаң талаптар қойылған жоқ. Команда жүлделі орын алса да, немесе жай чемпионатқа қатысса да жеткілікті. Медальсыз қалғаны үшін ешқандай санкция қарастырылмайды.

Тендерді 2023 жылы құрылған «Алтай Өскемен» футбол клубы» қоғамдық қоры ұтады дегенге көбі онша сене қоймайды. Өткен жылы бұл қоғамдық қор 800 миллион теңгеден астам қаржыны игерген. Соның нәтижесінде команда Бірінші лигада үздік үштікке еніп, Премьер-лигаға жолдама алды. Өскемен қаласы ҚПЛ-де 2013 жылдан бері алғаш рет қайтадан бақ сынағалы тұр.


Кейбірімен келісімшарт ұзартылды

Өткен жылдың соңында «Алтай» клубы ресми серіктесі деп «Қазцинк» компаниясын жарияласа, 2026 жылдың басында команданың негізгі ойыншылары – Сергей Хижниченко, Алмас Сапарғалиев және Аслан Джанұзақовпен келісімшарттар ұзартылғанын мәлімдеді. Білікті жаттықтырушы Вахид Масудов бас бапкер болып қала бермек. Аймақтағы футбол жанкүйерлері бұл екі жаңалықтың өзара байланысты екенін атап өтуде.

Айта кетейік, өңір билігі биыл Өскеменде УЕФА-ның үшінші санатына сәйкес келетін футбол стадионының құрылысы басталатынын хабарлады. Алайда бұл жобаға қанша қаражат жұмсалатыны және спорт нысанының құрылысына кім демеуші болатыны әзірге нақтыланған жоқ. Одан бөлек, редакция тілшісі жуықта «Алтай Өскеменнің» қазіргі жағдайы мен стадион құрылысы бойынша Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можанов келтірген ақпаратпен бөліскен болатын.

Мән-жайы

Анығы сол, аталған стадион 5000 адамға шақталмақ. Кей қалада 20-30 мыңдық стадион барын ескерсек, Өскемендегі нысан әлдеқайда шағын болғалы тұр. Неге олай? Сөйтсе, мұның жауабын тереңнен қазудың қажеті жоқ екен. Можанов мырза да Шығыстың климатын алға тартты бірден. Сосын бұл төбесі жабық стадион болатындықтан жоба қыруар қаражатты қажет етеді. Есесіне, бұл UEFA талаптарына толық сай келетіндей етіп салынбақ.

– Қазақстан чемпионаты елімізде наурыз айында басталады. Ал бізде көп жерде әлі қар жатады, күн де аса бір жылына қоймайды. Осы жағы ескерілді. Жер учаскесі таңдалды. Бұйырса, қаңтар айында есеп-қисап толықтай әзірленіп, көктемге қарай құрылыс қамына кірісеміз, – деген болатын басқарма басшысы.

Қай спортты алсақ та, үздік нәтиже озық инфрақұрылыммен өлшенеді. Мұны облыс әкімдігі де, Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшылығы да түсініп отыр. Төбесі жабық футбол стадионының құрылысы біткенше, Премьер-лига матчтары «Восток» стадионында өтеді. Ресми ақпаратқа сенсек, киім ауыстыру, жуыну бөлмелері толықтай жөндеуден өтеді, стадион маңындағы шамдар жаңартылады. Бұған кететін қаржы да бәлендай көп емес екен. Оған қоса, аталған стадион жаңартуды қажет етсе де, UEFA талаптарына сай келіп тұр. Бұл ең маңыздысы.

Масудов не деп еді?

Команда жаттықтырушысы Вахид Масудовтың тілші қауымына ашылып сұхбат берген сәттері ілуде біреу. Бір жақсысы, қазіргі ұжыммен тәп-тәуір тіл табысып, етене жұмысс істеп келедің. Сұхбаттарының бірінде өскемендік ұжыммен жұмысты бастағанда футболшылардың ойын үйлесімі тайға таңба басқандай бекітіліп қойғанын айтады. Мұның артында шығысқазақстандық бапкерлер біліктілігі тұр. Ол клуб директоры Нартай Чамбилов пен спорттық директоры Алексей Шакинді бөле-жара атап өткен-тұғын. Сосын команданың федерация алдында берешегі жоқ екенін де айтты. Ал мұның алаңсыз жаттығуға мол септігін тигізгені сөзсіз.

– Өскемендік ұжыммен 2010-шы жылы Бірінші лигада үздік шыққан едік. Қазір мұнда қаражат жағынан тұрақтылық бар. Мол ақша демесем де, айлық уақтылы түседі. Жігіттердің өзара тілеулестігі мен ауызбіршілігі ұнайды. Әр ойынды қалт жібермей, келіп, қолдау білдіретін жанкүйерлерге зор алғыс, – деген еді бас бапкер.

Қош. Биылға 1,5 млрд теңге қарастырылып отыр. Аса бір қомақты қаржы емес. Дегенмен жоқтан бар жасап, аз уақытта осындай нәтиже көрсеткен жігіттер әлі де қалың жанкүйерді таңғалдырады деген сенім мол.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив