Шотландияның «Хартс» клубы 26 жастағы қазақстандық жартылай қорғаушы Ислам Чесноковпен келісімшартқа қол қойғанын ресми түрде жариялады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ислам Чесноков – Өскемендегі «Алтай» клубының түлегі. Ол 2018 жылы жастар құрамы сапында өнер көрсете бастады. Ал негізгі құрамдағы алғашқы ойынын 2020 жылдың 15-ші қыркүйегінде «Тұранға» қарсы өткізді.
Kazfootball.kz ақпаратынша, 2021 жылдың сәуір айында Чесноков Беларусьтің «Белшина» клубына ауысты. Жоғары лигадағы дебютін 2022 жылғы 20 наурызда могилевтік «Днепрге» қарсы кездесуде жасаса, алғашқы голын 2022 жылғы 21 мамырда «Ислочь» қақпасына соқты. Беларусьтік клуб сапында барлық турнирді қоса есептегенде 59 матчқа қатысқан. 11 гол соғып, 11 нәтижелі пас берді.
2023-ші жылдың маусымында Ислам Қостанайдың «Тобыл» клубына келді. Бұл команда құрамында 92 ойын өткізіп, 29 мәрте қарсылас қақпасынан саңылау тапты.
Сөйтіп, Ислам Чесноков «Хартс» клубы тарихындағы әрі Шотландия чемпионатындағы тұңғыш қазақстандық футболшы атанды. Жерлесіміз «Тобылдан» еркін агент ретінде ауысты. Ал бүгін ол жаңа клубтағы алғашқы жаттығуын өткізіп үлгерді.
Өз тілшіміз (Фото: Vesti.kz)
Пікірлер