Қала әкімі Алмат Ақышовтың қатысуымен өткен аппараттық кеңесте алдағы уақытта абаттандырылатын нысандар тізімі қаралды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Олардың қатарында амфитеатр, Назарбаев даңғылы бойындағы аллея, студенттер аллеясы, «Саулетай» саябағы, Даңқ Меморталынан Лихарев көшесіне дейінгі «Өмір жолы», Куленов кентіндегі демалыс аймағы, Защита шағынауданындағы вокзал маңы, «Пицца Блюз» дәмханасынан Казбек би даңғылына дейінгі Өтепов көшесі бар.
Шаһар басшысы жобалармен танысып, кейбір жұмыстар 2027 жылға қалуы мүмкін екенін атап өтті.
- Бюджетіміз шектеулі. Кейбір жобаларды биыл аяқтаймыз, ал басқалары келесі жылға қалуы ықтимал, - деді Алмат Ақышов.
Әкімдікте жобаларды бекітуде ерекше көңіл сапаға, практикалық маңыздылыққа және тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға бөлінетіні айтылды. Тұрғындардың пікірлері мен ұсыныстары міндетті түрде ескеріледі.
- Балалар алаңдары, аулалар және басқа да аймақтарды абаттандыратын барлық мердігерге нақты мерзім қою қажет, - деді әкім.
Мердігер ұйымдарға жоспарланған жұмыстардың уақтылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз ету үшін нақты тапсырмалар беріледі. Жобалардың жүзеге асуы тұрақты бақылауда болады.
Пікірлер