2025-2026 оқу жылының басына Қазақстанда 559 колледж жұмыс істеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
Ұлттық статистика бюросы мәліметінше, колледждердің басым бөлігі Алматы қаласында орналасқан – 79, одан кейін олардың саны Түркістан мен Қарағанды облысында көп, тиісінше 38 және 37 колледж.
Колледждердегі білім алушылар саны оқу жылының басында 355,2 мың адам болды, оның ішінде 150,8 мыңы – әйелдер.
Колледже оқитын студент саны Алматы қаласында ең көп – 76 мың адам, одан кейін Шымкентте – 40,1 мың және Түркістан облысында – 30 мың адам.
Биылғы оқу жылында колледждерге бірінші курсқа 133,9 мың адам түсті. Олардың негізгі бөлігі инженерлік, өңдеу және құрылыс технологиялары саласындағы мамандықтарды таңдады – 51,2 мың адам. Олардың ішінде көлік жөндеу мамандығы бойынша оқуға түскендер – 9,5 мың, дәнекерлеу ісі – 5 мың, тігін ісі – 4,3 мың оқушы.
Одан кейін әртүрлі қызмет мамандықтары бойынша түсушілер көп болған – 22,4 мың адам, оның ішінде ең көп оқушы тамақтандыру ісі мамандығын таңдаған – 12,7 мың адам.
Коллежде білім алушылар арасында Өзбекстаннан және Ресейден келгендер көп, сәйкесінше 1,2 мың және 1 мың адам.
Айта кетейік, мектептер мен колледждерде «ДосболLIKE» антибуллингтік бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр.
Пікірлер