Бүгін шаһардағы бірнеше мектепте «Адал азамат» бастамасы аясында ұйымдастырылып отырған «Заң және тәртіп» айлығы ашылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бір ай көлемінде қаладағы жалпы білім беретін оқу ордаларында құқықтық бағыттағы түрлі шара ұйымдастырылады. Шараның басты мақсаты сол, оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заң талаптарын түсіндіру және қауіпсіздік мәселелеріне назар аударту. Кездесуге мектеп оқушылары, аға учаскелік полиция қызметкерлері мен ұстаздар қатысты. Ол жерде оқушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, құқық бұзушылық түрлері мен оның салдары туралы кеңінен мағлұмат алды. Мамандар заң алдындағы жауапкершілік, мектептегі тәртіп пен қауіпсіздік мәселелерін түсіндірді.
– Бүгін келгендегі мақсатымыз сол, оқушыларға құқықтық ережелерді түсіндіру, мектептегі құқық бұзушылықтардың мәнін ашып көрсету және заң алдындағы жауапкершілікті үйрету. Қазір алаяқтық деректері де жиілеп отыр. Сондықтан бұл тақырыпты оқушыларға түсіндіру аса маңызды, – деді полиция майоры Мәншүк Төлеуханқызы.
Айта кетейік, «Заң және тәртіп» айлығы аясында мұндай түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатын болады.
Пікірлер