A+ A A-

talgatzhan 60 Кеше, 16:15 0

Шетелдегі қазақтарға қатысты биыл шектеу енгізілді

Бүгін / Республика

Қандастарға бөлінген квота мигранттарға берілген квотадан бірнеше есе аз болып шықты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.

ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргіннен, байларды кәмпескелеу науқанынан, екі қайтара соққан ашаршылықтан қашып, әлемнің әр түкпіріне тарыдай шашылған қазақтар 1991 жылы еліміз тәуелсіздік алғалы белсенді түрде атажұртқа орала бастады. Мысалы, 1993 жылы бірден 45 632 қандас тарихи Отанға қайтқан екен.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, ол тұста заң жүзінде "оралман" аталған қауымның ұлы көшінің ең үлкен көлемі 1991-2010 жылдардың еншісіне түсіпті. Сол кезеңде Қазақстан халқының саны шетелден оралған 750 мыңнан астам адаммен толықты. Бұл аталған жылдардағы қарқынның жоғары болғанын паш етеді.

2011 жылы тағы 47 112 адам, 2012 жылы – 39 401 адам, 2013 жылы – 35 мың адам атамекенге келіп, Қазақстан азаматтары қатарына қосылды. Осы қарқын ары қарай сақталғанда, Тәуелсіздіктің 34 жылында шетелден орта есеппен 1,5 миллиондай қазақ Отанға оралатын еді. Қазіргі жеткен көрсеткіш – 1,2 миллион.

2014 жылы Қазақстан 8,5 мың шетелдік қазақтың ғана елге қайтуына рұқсат етті. Бұл бұрынғы жылдардағыдан 5 еседен көп кем. 

Содан бері Қазақстан Үкіметі қандастардың легін шектеп келеді. Бұл қатаң тәртіп бұл жолы да бұзылған жоқ. 2025 жылғы 12 желтоқсанда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің міндетін атқарушының №401 бұйрығы қабылданды.

Құжат 2026 жылғы 3 қаңтарда күшіне енді және "Қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың 2026 жылға арналған өңірлік квотасын" бекітті. Одан белгілі болғандай, қазіргі кезде Қазақстан Үкіметі шетелде тұратын қазақтар арасынан атажұртқа тек 2 мыңнан сәл асатын көлемінің келуіне ғана келісімін беріп отыр.

Әрине, Отанын сағынған шетелдік қазақ отбасымен бұл квотадан тыс та елге көшіп келе алады. Бірақ онда "қандас" мәртебесін ала алмауы, тиісінше, мемлекеттік қолдау шараларынан тыс қалуы мүмкін. 

Сонымен, Еңбекминінің жаңа бұйрығына сәйкес:

Біріншіден, қандастарды қабылдаудың 2026 жылға арналған өңірлік квотасының саны – 2 281 адам,

Екіншіден, қоныс аударушыларды қабылдаудың 2026 жылға арналған өңірлік квотасының саны – 5 997 адам болып белгіленді.

Бұл ретте "қоныс аударушылар" санатына халқы тығыз оңтүстік өңірлерден жұрты селдіреп қалған солтүстікке ерікті түрде көшетін қазақстандықтар жатады.

Бұйрыққа сәйкес, осы жыл бойы Қазақстанға қайтуына көмек көрсетілетін 2 281 қандасқа келесі өңірлерге қоныстану ұсынылады (одан бас тартса, мемлекеттік қолдау шараларынан айрылады):

Павлодар облысына – 977 адам;

Ақмола облысына – 285 адам;

Абай облысына – 264 адам;

Шығыс-Қазақстан облысына – 200 адам;

Солтүстік Қазақстан облысына – 200 адам;

Қостанай облысына – 200 адам;

Атырау облысына – 125 адам;

Батыс Қазақстан облысына – 30 адам.

Бұдан бөлек, қоныс аударушыларды қабылдаудың 2026 жылға арналған өңірлік квотасына іліккен 5 997 қазақстандықтан келесі аймақтың бірін таңдау талап етіледі (бас тартса, мемқолдаудан қағылады).

Солтүстік Қазақстан облысына – 2 820 адам;

Павлодар облысына – 1 655 адам;

Шығыс Қазақстан облысына – 600 адам;

Қостанай облысына – 485 адам;

Абай облысына – 275 адам;

Ұлытау облысына – 125 адам;

Қарағанды ​​облысына – бар-жоғы 37 адам.

Қандай мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылған?

Қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына кірген адамдарға келесідей мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіледі:

Көшуін мемлекет көтеріп, субсидия береді (субсидий на переезд) – отбасының әрбір мүшесіне бір реттік 70 АЕК (2026 жылы – 302 750 теңге) көлемінде төлем;

Көшіп барған жерінде уақытша тұрғын үй жалдау және оның коммуналдық қызметтерінің ақысын төлеу бойынша шығыстарын өтеуге субсидиялар – әр отбасыға ай сайын 15-тен 30 АЕК-ке (2026 жылы – 129 750 теңгеге) дейін төленеді;

қоныс аударушыға көмектесетін және жұмыс ұсынатын жұмыс берушілерге 400 АЕК (1 730 000 теңге) көлемінде субсидия;

қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға, қайта даярлау курстарына жолдама;

барған жерінде жұмыс табуына немесе кәсіпкерлік бастамаларын дамытуға көмек (соның ішінде арзан несие, гранттар);

тұрғын үй сатып алуға "экономикалық мобильділік сертификаттарын" беру бар.

Шетелдегі қазақтардың Отанға оралуының жаңа, 2026 жылғы квотасын 2 281 адаммен шектеген шенеуніктер шетелдік мигранттарға бұдан бірнеше есе көп орын бөліп отырған көрінеді. Uchet.kz мәліметінше, Еңбекмині биылғы жылы шетелдік жұмыс қолын тартуға квотаны бекітті.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің міндетін атқарушының 2025 жылғы 12 желтоқсандағы №397 бұйрығымен "Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін шетелдік жұмыс күшін тартуға 2026 жылға арналған квота" белгіленді. Құжат 2026 жылғы 2 қаңтарда қолданысқа енгізілді.

"Қазақстанның аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін шетелдік жұмыс күшін тартуға 2026 жылға арналған квота жұмыс күшінің санына шаққанда пайыздық қатынаста мынадай: жергілікті атқарушы орган жұмыс берушілерге беретін рұқсаттар бойынша республикадағы жалпы жұмыс күшінің 0,25% мөлшерінде белгіленсін", – делінген Еңбекминінің бұйрығында. Бірақ онда нақты сандық көлемі жазылмады.

Uchet.kz дерегінше, 2026 жылы шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квоталар келесідей төрт санатқа бөлінеді:

Бірінші санат – шетелден шақырылатын басшылар және олардың орынбасарлары үшін 726 рұқсатнама;

Екінші санат – құрылымдық бөлімшелердің басшылары үшін 3 402 рұқсатнама;

Үшінші санат – шетелдік мамандар үшін 5 893 рұқсатнама;

Төртінші санат – дипломы, сертификаты, біліктілігі бар жұмысшылар үшін 3 131 рұқсат.

Сонда бұлардың биылғы квотасы 13 152 адамды құрайтын болды.

Бұдан өзге, қазақстандық жұмыс берушілерге маусымдық жұмыстарға еш дипломы-біліктілігі жоқ 4 994 жатжұрттық мигрантты тартуға рұқсат етіледі.

Сонымен қатар, Еңбек министрлігі 2026 жылға арнап, еңбек иммигранттарын үй шаруашылығында жұмыс істеуге тарту үшін республикадағы жұмыс күшінің 2,9%-ы көлемінде квота берді. Өйткені қазіргі кезде бай қазақстандықтар үйінде жұмыс істейтін бала күтушіні, аспазды, house manager, һousekeeper, caretaker, бағбан, сәулетші, интерьер дизайнын және басқасын өзге елдерден алғызатыны мәлім. Бұл квота жеке соларға арналған екен.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив