Өскеменде Labrador тұқымды иттің иесін бірнеше адам ұрып-соғып, денсаулығына зиян келтіргені үшін полиция қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бұған дейін ер адам бесінші қабаттан Labrador итін лақтырып жіберген. Көршілер оны құтқармақ болып, медициналық ұйымға жеткізген еді. Бірақ жануарды аман алып қалу мүмкін болмады.
Әлеуметтік желіде ер адамның агрессивті әрекеті бейнеленген видео тарап кетті. Кадрда оның қолында пышақтың бары көрінеді.
ШҚО Полиция департаментінің өкілдері аталған факті бойынша ҚР ҚК 316 бабының 2 тармағы бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын мәлім етті.
Қазір ер адам өзіне қарсы жасалған шабуыл салдарынан зардап шегуші болып отыр. Бірнеше адам оны соққыға жығып, денсаулығына зиян келтірген.
Полицияның мәліметінше, ҚР ҚК 107 бабы 2 тармағының 4 бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қылмыстық іс бойынша кінәлілер анықталып, сараптамалар тағайындалды. Ер адамды соққыға жыққандар үш жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Пікірлер