Алтын адам табылып, тарих кітаптарында да аталатын Шілікті ауылы бүгін үлкен жаңалыққа куә болды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Шекаралық аймақта орналасқан Зайсан ауданына қарасты елдімекенге жылдамдығы жоғары интернет тартылды. Ұзақ жылдар бойы күткен игілік ауыл тұрғындарына цифрлық мүмкіндіктер есігін айқара ашты. Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыровпен бірге арнайы Шілікті ауылына барып, тұрғындардың қуанышымен бөлісті.
Аймақ басшысыПрезидент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялағанын атап өтіп, өңірде бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді.
– Облысымызда 357 елдімекен бар. Қазір олардың 98 пайызы интернетпен қамтылған. Осы уақытқа дейін 14 антенна-матчталық құрылым орнатылды. Бүгін сондай нысанның бірі Шілікті ауылында іске қосылып отыр. Интернет – білім мен ғылымға бастайтын үлкен жол. Президент тапсырмасы өңірде толық орындалады. Алдағы бір-екі жылда облыста интернетсіз ауыл қалмайды, – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Шілікті ауылында орнатылған биіктігі 15 метрлік антенна-матчталық құрылым жер телімімен бірге Зайсан ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне балансына берілді. Ұялы байланыс операторы анықталып, нысан толық іске қосылды.
Ауыл тұрғындары бұл күнді ерекше қуанышпен қарсы алды. Көп жыл мәдениет саласында еңбек еткен жергілікті тұрғын Талғар Кенжебеков интернет келуін тарихи сәтке балайды.
– Түн ортасында телефоным безілдеп қоя берді. Қарасам, интернет қосылыпты. Бірнеше күннен бері хабарласа алмай жүрген туыстарымның хаттары бірінен соң бірі келіп жатыр екен. Қатты қуандым. Бұл шекара шетінде отырған біз сияқты ауыл тұрғындарына мемлекет тарапынан жасалып жатқан үлкен мүмкіндік, – деді ол.
Айтар болсақ, антенна-матчталық құрылымның іске қосылуы шалғайдағы ауыл халқының телекоммуникация қызметтеріне қолжетімділігін арттырып, цифрлық жүйенің барлық мүмкіндігін пайдалануға жол ашты.
Нұрдәулет ҚАЛИБЕКОВ
Пікірлер