Қазақстанда 10 қаңтардан бастап қаңтар айындағы Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) өтіп жатыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Тестілеу 10 ақпанға дейін жалғасады. Талапкерлердің 75,2%-ы тестілеуді қазақ тілінде тапсыруды таңдаса, 24,6% — орыс тілін, ал 189 адам — ағылшын тілін таңдаған.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, өтініш беру кезінде үміткерлер тест тапсырудың күнін, уақытын және пунктін өз қалауы бойынша белгіледі.
Бейіндік пәндер комбинациясы бойынша ең жоғары сұранысқа ие бағыт — «Математика және Физика» (19,2%). Бұл комбинацияны инженерлік, техникалық, педагогикалық және құрылыс саласын таңдаған талапкерлер жиі белгілеген. Екінші орында «Биология және Химия» (16,9%), ал үшінші орында шығармашылық бағыттағы емтихандар (9,7%) тұр.
Тестілеу барысында қатысушыларға калькулятор, Менделеевтің периодтық жүйесі және тұздардың ерігіштік кестесі ұсынылады. Апелляцияға өтініш тест аяқталған соң 30 минут ішінде қабылданады. Апелляция нәтижесі шыққаннан кейін сертификат талапкердің жеке кабинетінде жарияланады.
2026 жылы ҰБТ құрылымы өзгермейді. Тестілеу үш міндетті және екі бейіндік пәннен тұрады. Барлығы 120 тапсырма беріледі. Атап айтқанда:
-
Қазақстан тарихы — 20 сұрақ,
-
Оқу сауаттылығы — 10 сұрақ,
-
Математикалық сауаттылық — 10 сұрақ,
-
Әр бейіндік пәннен — 40 сұрақтан.
Ең жоғары нәтиже — 140 балл. Тестілеу уақыты 240 минут. Ал ерекше білім беру қажеттіліктері бар талапкерлер үшін қосымша 40 минут қарастырылған.
Қаңтар айындағы ҰБТ-ға ақылы негізде оқуға түскен немесе түсуге ниетті талапкерлер, бұрынғы жылдардағы мектеп түлектері мен колледж бітірушілер, шетелде білім алған Қазақстан азаматтары, сондай-ақ қазақ ұлтының өкілдері — ҚР азаматы болмаса да — қатыса алады.
Пікірлер