Қазақстанның бастамасымен Біріккен Ұлттар Ұйымы 2026 жылды Халықаралық волонтерлер жылы деп жариялады. Бұл шешім «Мейірімді Қазақстан» идеясының мазмұнымен толық үндеседі, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
«Мейірімді Шығыс» атауымен бастау алған қайырымдылық волонтерлік акция Шығыс Қазақстан облысында қолға алынды. Бастаманы ел жастары кеңінен қолдап, акция республика көлемінде ұйымдастырылды.
- Іс-шараның негізгі идеясы - қоғамды қайырымдылық пен өзара қолдау құндылықтары төңірегінде біріктіру, азаматтардың әлеуметтік жауапкершілігін арттыру және оларды игі істерге жұмылдыру, - дейді ұйымдастырушылар.
Акция аясында он күн бойы өңірлердегі жастар ұйымдарының белсенділері мен волонтерлерінің қатысуымен бірқатар әлеуметтік маңызы бар жұмыс атқарылды.
Атап айтқанда, жалғызбасты зейнеткерлердің аулаларын қардан тазалау, қарттар үйлері мен балалар үйлеріне көмек көрсету, коммуналдық қызметкерлерге ыстық шай мен тағамдар тарату, көлігі бар азаматтардың қолдауымен аялдамаларда тұрған тұрғындарды үйлеріне дейін жеткізу шаралары ұйымдастырылды.
Сонымен қатар жас кәсіпкерлердің демеушілігімен тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік себеттері таратылып, медициналық мекемелерде қан тапсыру акциялары өткізілді. Акцияның әр күні белгілі бір тақырыпқа арналып, жалпы алғанда 10 мыңға жуық қазақстандық жасты қамтыды.
Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне құрмет көрсетіліп, сый-сияпаттар табысталды.
«Мейірімді Қазақстан» республикалық қайырымдылық акциясы өңірлерде түрлі әлеуметтік топтарды қамтып, нақты әрі жүйелі қолдау көрсетуге мүмкіндік берді.
- Өздеріңіз білесіздер, биыл Халықаралық волонтерлер жылы кең көлемде аталып өтуде. «Мейірімді Қазақстан» акциясының жалпы халықтық қолдауға ие болуы қуантады. Жуырда Мемлекет басшысы «Turkistan» газетіне берген сұхбатында қайырымдылықпен айналысып жүрген азаматтарды қолдау мақсатында «Мейірім» орденін енгізу туралы айтқан болатын. Бұл игі іспен айналысатын жандардың қоғам алдындағы абырой-беделі мен мәртебесін айқындайды, - дейді ШҚО волонтерлік фронт-офисінің жетекшісі Айдос Әділбеков.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, қайырымдылық бастама 1 наурызға дейін жалғасады.
Пікірлер