Игі бастама жасөспірімдерге құқықтық тәрбие беріп, қоғамдағы тәртіп пен жауапкершіліктің маңызын ұғындыруды көздейді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Аталған іс-шараны Өскемендегі №46 орта мектебінің ұжымы мен 8-11 сынып оқушылары ұйымдастырып, челленджді №40 және №48 мектептерге жолдады. Шараға барлығы 105 түлек қатысты. Бұл - үлкен өмірге қадам басқалы отырған жастар үшін аса маңызды кезеңде көтерілген өзекті тақырып.
- Бүгін біз үшін маңызды шара өтіп жатыр. «Заң және тәртіп» әр азаматтың өмірлік ұстанымы болуы тиіс. Тәртіп ең алдымен өзімізден басталатынын ұмытпауымыз керек. Ертеңгі күннен бастап оқушыларымыз қаңтар айындағы ҰБТ-ға қатысады. Сондықтан олардың құқықтық сауатты, жауапкершілігі жоғары азамат болып қалыптасуы аса маңызды, - деді №46 орта мектебінің директоры Гүлфарида Ауғанбаева.
Іс-шара аясында елде жүзеге асырылып жатқан «Адал азамат — біртұтас ұлт» бағдарламасының маңызы айтылды. Қала мектептері бұл бастаманы қолдап, белсенді түрде атсалысуда.
- Бүгіннен бастап елде аталған бағдарлама аясында апталық басталды. Барлық мектеп бұл шараға белсенді қатысады деп сенеміз. Заң мен тәртіп орнаған жерде мемлекеттің болашағы да берік болады. Қазіргі жастарға құқықтық мәдениетті, заңға құрметпен қарауды үйрету біздің басты міндетіміз, - деді қалалық білім бөлімінің басшысы Думанғазы Арғынғазин.
Челленджге қатысқан мектеп бітіруші түлектер де өз ойларымен бөлісті.
- Біз, мектеп бітіруші түлектер, «Заң және тәртіп» бағдарламасы аясындағы челленджге қатысуды азаматтық борышымыз деп санаймыз. Бұл - бүгінгі қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі. Бауыржан Момышұлы айтқандай, тәртіпке бағынған құл болмайды. Осы ұстанымды басшылыққа ала отырып, оқушыларды заң мен тәртіпті сақтауға шақырамын, - деді 11 сынып оқушысы Аида Бабақұмар.
Айта кетейік, құқықтық челлендж алдағы уақытта басқа білім беру ұйымдарында жалғасын табады деп күтілуде.
Пікірлер