Қазақстанда абаттандырылған тұрғын үйді жалға беру құны 1 шаршы метр үшін орта есеппен 5024 теңгеге жетті. Соңғы сегіз айда баға 10,2 пайызға өскен, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2024 жылғы желтоқсаннан бері республика бойынша жалға алу ақысы 13,1 пайызға қымбаттаған. Алайда жекелеген өңірлерде өсім орташа республикалық деңгейден едәуір жоғары тіркелген.
Атап айтқанда, Павлодарда жалдамалы тұрғын үй бағасы бір жылда 42,9 пайызға, Петропавлда 40,9 пайызға артқан. Ақтөбеде өсім 30,4 пайызды құраса, Өскеменде жалға алу ақысы 23,1 пайызға қымбаттаған.
2025 жылғы сәуір мен желтоқсан аралығында елдің ірі қалаларында жалдамалы тұрғын үй бағасы бірқалыпты өскен. Статистикаға сәйкес, республика бойынша 1 шаршы метрдің орташа құны 4558 теңгеден 5024 теңгеге дейін қымбатттады.
Осы кезеңде Астанада жалға алу ақысы 5005 теңгеден 5551 теңгеге жетіп, 10,9 пайызға өскен. Алматыда баға 5437 теңгеден 5965 теңгеге дейін, ал Шымкентте жалдамалы тұрғын үй құны 3917 теңгеден 4252 теңгеге көтерілген.
Қазіргі таңда ел бойынша ең жоғары жалға алу бағасы Алматы мен Астанада сақталып отыр. Ал облыс орталықтарының ішінде ең төмен көрсеткіш Тараз қаласында тіркелген. Мұнда 1 шаршы метрдің орташа құны 2401 теңгені құрайды.
Бюро мәліметінше, соңғы бес жылда жалдамалы тұрғын үй нарығында айтарлықтай баға өсімі байқалады. 2020 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда, республика бойынша жалға алу ақысы екі еседен аса өскен.
- Алматыда соңғы бес жылда баға 2,6 есе артса, Қарағандыда 2,5 есе, Астанада 2,3 есе қымбаттаған. Тек 2025 жылдың төртінші тоқсанының өзінде жалдау құны алдыңғы тоқсанмен салыстырғанда 6 пайызға өсті, — деп көрсетілген деректе.
Пікірлер