Әзірге департамент өкілдері оқиғаның мән-жайын жария етпей отыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Толық ақпараттың болмауынан қайғылы оқиға жайлы мәліметтер түрлі дереккөздерден шығып жатыр.
Әлеуметтік желілерде 7 қаңтарда Катонқарағай ауданында бір қызметкердің жұмыстан тыс уақытта бөлімшеге келіп, екінші адамға пышақ жарақатын салғаны, салдарынан ер адамның көз жұмғаны туралы ақпарат тарады.
ШҚО Полиция департаменті оқиға болған нақты орынды атамай, бұл факті бойынша «Адам өліміне әкеп соққан ауыр дене жарақатын қасақана келтіру» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталғанын мәлімдеді. Сондай-ақ жәбірленушінің медициналық мекемеде қайтыс болғаны, ал күдіктінің ұсталғаны анықталды.
ШҚО ТЖД оқиғаның өздеріне қатысы бар екенін растап, әлеуметтік желіде тараған ақпаратты жоққа шығармады.
– Аталған оқиға бойынша ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінде уәкілетті орган сотқа дейінгі тексеру аясында тергеу әрекеттерін жүргізіп жатыр. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201 бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етілмейді, – делінген ақпаратта.
Пікірлер