Назарбаев Зияткерлік мектебінің математика пәні мұғалімі Бақыгүл Раисова республикалық «Педагогикалық идеялар фестивалі» аясында өткен байқауда жүлделі І орынды иеленді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Фестиваль Алматыдағы SDU университетінің базасында өтті. Оған республиканың түкпір-түкпірінен 244 педагог қатысты.
Бақытгүл Раисова «Шеберлік палитрасы» бағыты бойынша «STEAM және Desmos – математиканы концептуалды түсінудің тиімді моделі» тақырыбындағы жұмысын ұсынды. Зерттеу математика пәнін оқытуда STEAM-педагогиканы және Desmos цифрлық платформасын интеграциялау арқылы оқушылардың зерттеушілік, шығармашылық және аналитикалық ойлау дағдыларын дамытуға бағытталған.
Жұмыс 7–12-сыныптарда «Функциялар» бөлімін оқыту барысында жүзеге асырылып, технология, инженерлік ойлау және өнер элементтерін кіріктіру арқылы математиканы терең әрі мағыналы түсінуге жағдай жасайтын модельді ұсынады. Desmos графикалық калькуляторы функциялардың қасиеттерін динамикалық түрде зерттеуге, параметрлерді өзгерту арқылы графиктердің мінез-құлқын бақылауға және нақты математикалық модельдер құруға мүмкіндік берді.
Эксперименттік жұмыс барысында сауалнама, бақылау, сұхбат және сандық талдау әдістері қолданылды. Нәтижесінде оқушылардың математикалық ұғымдарды визуалды және аналитикалық тұрғыда байланыстыру қабілетінің артқаны, пәнге деген қызығушылығы мен зерттеушілік белсенділігінің жоғарылағаны анықталды. Сонымен қатар ұлттық мәдени элементтерге негізделген 2400-ден астам математикалық функцияны пайдалану арқылы шығармашылық графикалық жұмыс орындалды.
Зерттеу нәтижелері оқушылардың халықаралық «Graphicon 2025» республикалық байқауында І орын иеленуімен және SAT емтиханының математикалық бөліміндегі жоғары көрсеткіштерімен (97–100%) дәлелденді.
Аталған жұмыс STEAM-педагогика, цифрлық технологиялар және математикалық модельдеуді біріктіре отырып, білім сапасын арттыруға бағытталған инновациялық тәсіл ретінде ғылыми-педагогикалық қауымдастық үшін құнды тәжірибе ұсынады.
Пікірлер